Меншік құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған заң қабылданды - Сенат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы қабылданды. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Аталған құжат бойынша мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың заңсыз актілер шығаруы нәтижесінде меншік иелерінің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті нақтылау ұсынылады. Бұл ретте меншік иелеріне келтірілген шығындар мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның кінәлі, кінәсіздігіне қарамастан өтелетін болады әрі бұл сот шешімі арқылы жүзеге асады. Бұдан бөлек, заң жобасында кепілзатпен қамтамасыз етілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау және кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы нормаларды екіұдай түсінуді болғызбау қарастырылады. Сонымен бірге заң жобасымен нақты жылжымайтын мүлік нысаны бойынша ақпаратты құқық иеленушінің келісімімен өзге де тұлғалардың сұрау салуына орай беруге болатын тұлғалардың түбегейлі тобы айқындалады. ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Қуат Қожахметовтың сөзіне қарағанда, жалпы алғанда құжат ережелері меншік иесінің құқығын және шарттық міндеттемелерді қорғау институтын одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады. «Біріншіден, Азаматтық кодексте меншік құқығын бұзғаны үшін сондай заңсыз актілер шығарған мемлекеттік органның немесе жауапты тұлғаның жауапкершілігі туралы норма нақтыланады. Екіншіден, кепілмен қамтамасыз етілген, соның ішінде ипотекалық борыштармен кепілге қойған мүлікті айналымға алудың міндеттемелерін жедел орындау туралы норманың екіжақты түсігінін болдырмау қарастырылады», - деді ҚР Ұлттақ банкі төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов. Оның айтуынша, «Валют-Транзит Банк» АҚ салым жасаған жеке тұлғалардың бес миллион теңгеге дейінгі қаражаттарына кепілдік туралы норманы қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға да өзгерістер енгізіледі. Бұдан бөлек, заңнамадағы тағы бір жаңалық - онда банктің қарыз туралы келісімшарттарында клиентке ұсынылатын соманың, соның ішінде банкке қайтарылатын пайыз бен жалпы сыйақы сомасының қысқаша мәліметі көрсетілген жадынамалардың болуы туралы норма да қамтылып отыр.

Соңғы жаңалықтар