Менингококк жұқпасы: 10 айлық сәбидің диагнозы расталмады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында менингококк жұқпасына шалдықты деген күдікпен ауруханаға түскен 10 айлық сәбидің диагнозы расталмады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ақмола облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Айнагүл Мусина айтты.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, 2018 жылдың 31 мамыры күні Ақмола облысының балалар ауруханасына Біржан сал ауданынан 10 айлық сәби жеткізілген болатын. Дәрігерлер баланы «менингококк жұқпасына шалдығу» алдын ала диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызды. Тиісті медициналық сынамалар алынып, зертханалық жұмыстар жүргізілді.

Анансының айтуынша, бала 26 мамыр күні ауыра бастаған, 31 мамырға дейін медициналық көмекке жүгінбеген. Себебі тіс жару реакциясы деп ойлаған. Бала менингит ауратын науқастармен байланыста болмаған. 23 мамыр күні анасы сәбиді ертіп, үлкен баласының бастауыш сыныпты (4-сынып) бітіруіне байланысты Степняк қаласындағы мектепке барған.

Осыған орай департаменттің эпидемиологы Біржан сал ауданына эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу бойынша практикалық көмек көрсету өтінішімен шықты. Байланыста болғандар анықталды, олардың барлығы менингит инфекциясына зерттелді.

Ақмола облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Айнагүл Мусинаның сөзінше, зертханалық зерттеулер және комиссиямен өткізілген консилиумның қорытындысы бойынша сәбидің менингококк жұқпасына шалдыққаны расталмады.

«Сепсис, аралас этиологиялы септицемия. Қан ауруы. I дәрежелі анемия. Тромбоцитопения, Тамыр ішіндегі шашыранды қан ұю синдромы. Ішектің парезі. Ілеспе аурулар: «Атониялық дерматит, нәрестеде болатын түрі; Цитомегаловирус, жасырын ағымы» диагноздары қойылды», - деп түсіндірді Айнагүл Мусина.

Айта кетейік, Ақмола облысында 2015 жылы менингококк инфекциясын жұқтырудың 6 жағдайы тіркелді.  2016 жылы - 4, 2017 жылы - 4 және 2018 жылдың 5 айында Көкшетау қаласы және Сандықтау ауданында барлығы 2 жағдай орын алды. Абырой болғанда соңғы 5 жылда бұл дерттен көз жұмғандар жоқ. Өліммен аяқталған менингококк инфекцияның соңғы жағдайы  2013 жылы Атбасар ауданында тіркелген. Оның өзі ауру Ресейдің Грозный қаласынан әкелінген 10 айлық балада анықталып, нәресте ауру басталғаннан бастап бір тәулік ішінде қайтыс болған.

Соңғы жаңалықтар