Менингококк инфекциясына қарсы екпе алған адамның өзі жіті күтінуі қажет - дәрігер-эпидемиолог Райхан Оспанова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта қоғамның басты мәселесіне айналған менингококк жұқпасы жайлы әлеуметтік желілерде тарап жатқан түрлі ақпараттар жұртшылықты алаңдатып отыр. Әсіресе, сырқаттың соңы қайғыға ұласып, өліммен аяқталуы халықтың зәре-құтын алуда. Жұқпалы індеттен айналып өтуіміз үшін нендей әрекет жасалуы керек? Бұл туралы дәрігер-эпидемиолог Райхан Оспанова ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

- Райхан Мұхитқызы, ауырып ем іздегеннен бұрын, ауырмайтын жолды қалай табуға болады?

- Менингококк инфекциясының алдын алудың екі тәсілі бар. Арнайы түріне вакцинация және антибиотикпен емдеу жатады. Бұдан бөлек, қарапайым түрі - үй-жайды, ғимаратты жиі желдетіп тұру, қоғамдық көлікте медициналық бетперде кию, адам көп шоғырланған жерге мүмкіндігінше бармау. Сондай-ақ  гигиенаны басты назарда ұстаған жөн. Қарапайым қол жуудың да өзінің тәртібі бар екенін ескеру керек. Адамдар көп шоғырланған жерлерде, мәселен, автобуста жолаушылар бір-біріне өте жақын тұратындықтан міндетті түрде медициналық бетперде кию керек. Бетперде ауасы тар, адам тығыз орналасқан жерлерде киюге арналған. Сондықтан оны көшеде шешуге болады. 

Ал ата-аналар балаларды эпидемиологиялық маусым аяқталғанша қоғамдық көлікке мінгізбей, адам көп шоғырланған жерлерге уақытша апармағаны дұрыс. Ең маңыздысы, балаға салқын тигізбеу. Себебі, менингококк тұмау белгілерінен басталады.

­- Өзіңіз айтқандай, бұл инфекцияны тұмаумен шатастыратындар бар.  Сондықтан, менингококтың бастапқы әрі ең басты үш белгісін атап өтіңізші?  

- Дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуі, бастың керіп ауруы және құсу. Тұмаудан ерекшелігі ­- денеде қызыл түсті бөртпенің пайда болуы. Негізі, бойыңызда алғашқы үш белгі байқалса, бөртпені күтпестен дәрігерге қаралған жөн.

­- Ауру жұқтырғанымызды қалай білеміз? Инкубациялық кезең қанша күнге созылады?

- Инкубациялық кезең дегеніміз - аурудың жасырын, яғни ағзаға микроорганизмдер енгеннен бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі кезең. Менингококк инфекциясының инкубациялық кезеңі 10 күнді құрайды. Осы мерзімде жоғарыда айтылған бастапқы үш белгіні байқасаңыз, аурудан күдік бар. Мұндай жағдайда дер кезінде «103» нөміріне хабарласып, немесе тұрғылықты мекенжайыңызға қарасты дәрігерге көріну керек.

- Менингококк инфекциясына қарсы салынған екпе қаншалықты көмектеседі? Қазір вакцина алсақ кеш емес пе?    

- Барлық қажетті шаралар жасалған күннің өзінде халықтың бұған бірден назар аударатынына күмәнім бар. Неге десеңіз, елімізде менингококк инфекциясынан да бөлек, соңы қайғылы аяқталатын сырқаттарға қарсы екпелерге мән бермейтін, тіпті оларды алмайтын да адамдар бар. Олардың ойынша, вакцина адамды қорғамайды, керісінше зиянын тигізеді.

Инфекцияға қарсы екпені алуды әркім өзі шешеді. Вакцина егілгеннен кейін 21 күннің ішінде иммунитет қалыптасады. Сол себепті екпе алған күннің өзінде адам жіті күтінуі керек. Вакцина алған адамның өзі менингококк жұқпасынан қорғанудың қарапайым ережелерін қадағалағаны жөн.  

- Ауруға шалдығудың бір себебі - иммунитеттің әлсіреуі. Сондықтан халыққа қандай тағам түрлерін ұсынасыз?

- Иммунитетті көтеру үшін адам алдымен толыққанды тамақтану керек. Яғни, күніне төрт мезгіл дұрыс тамақтану. Құрамында ақуызы бар ет, балық , сүт өнімдерін көбірек қолдануы керек.

- Күніне төрт мезгіл тамақтануы керек дейсіз, дегенмен ауызы берік, ораза ұстағандарға қандай кеңес бересіз?

- Ораза ұстағандар ауыз ашқаннан сәресі уақытына дейін жоғарыда аталған  құнарлы тағамдарды толық жегені дұрыс. 

- Құнарлы тағамдардан бөлек, ағзаға қосымша күш беретін дәрумендер қабылдауға да болатын шығар?!   

- Дәруменді қабылдар алдында дәрігердің кеңесіне жүгіну керек. Өйткені, әрбір дәруменді адам ағзасының ерекшеліктерін ескере отырып қабылдаған жөн.  

- Иммунитет көтеру деген түсінікке тек тамақтан бөлек не жатқызамыз?

- Адамның ұйқысы қанық болуы қажет. Ағза ширауы керек. Ол үшін спортпен шұғылданған дұрыс. Зиянды әдеттерден  - темекі, алкогольді ішімдіктерден аулақ болған жөн.

- Науқаспен байланыста болған адамдарды емдеу қалай жүргізіледі?

­- Науқаспен байланыста болғандарға аурудан сақтандыру үшін антибактериалды терапия жүргізіледі. Әрине, адамның жасы мен денсаулық ерекшеліктерін ескере отырып, дәрінің мөлшерін, түрлерін дәрігер өзі  тағайындайды. Меніңше, бұл инфекцияға қоғам болып дүрлікпей, нақты әрекетке көшу керек.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар