Менингиттің өршуі: Алматылықтар екпе жасайтын емханаларға ағылуда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Алматыда менингококке қарсы екпе салатын емханаларда ұзын-сонар кезек пайда болды. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі жекеменшік емханаларға ресми сауал жіберген болатын.

Алматыға 1 апта бұрын жеткізілген «Нименрикс» екпелері 2 жекеменшік емханада егілуде. Қазір аталған емханаларда екпе алғысы келетіндер күн санап артып келеді. 

Олардың бірі - International Medical Center жекеменшік емханасына бірінші партияда 100 доза екпе әкелінген. Екпе құны 25 мың тұрады. Мамандардың айтуынша, екпенің келесі партиясы қымбаттайды.

«Бірінші партия бір аптаның ішінде түгел  салынды. Ертеңнен бастап екпе құны 27 мың теңге болады. Адамдар телефон арқылы да хабарласып жатыр. Біз өзіміз мұндай абыр-сабыр болады деп ойламадық. Негізінде қажылыққа баратындарға ғана қажет болар деп аз ғана алған болатынбыз», - деді емхананың атқарушы директоры Юлия Садовская.

Ақылы екпе салумен айналысып жатқан екінші емхана «Фармаком» ЖШС-да да адамдардың көптігінен қарбалас туындап отыр.

Мұнда бір екпе құны - 22 320 теңге. Емхана басшылығы жақын арада екпе құнын қымбаттатпайтындығын айтуда.

«Екпе 6 айлық балалардан бастап салынады. Алдын ала хабарласасыздар, біз жазып аламыз», - деді «Фармаком» емханасында.

Айта кету керек, Қазақстанда менигококк жұқпасына қарсы екпе ҚР ДСМ бекіткен екпелердің Ұлттық күнтізбесіне кірмейді.

Сондықтан, менигококке қарсы екпе ақылы  түрде жекеменшік емханаларда жүргізіледі.

Қазіргі таңда Алматыда белгиялық "Нименрикс" 1 дозалық екпесі сатылып жатыр. Аталған вакцина менингококк (Neisseria meningitidis) жұқпасының А, С, W- 135, Y серотобына қарсы салынады.

«Әдетте екпе жеңіл қабылданады. Тиімділігі 93-95%, орта есеппен 21 күнде иммунитет пайда болады. 5 жылға дейін сақталады", - делінген Қоғам денсаулығын қорғау департаменті таратқан ақпаратта.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл басынан бері Қазақстанда менингит инфекциясын жұқтырған 58 науқас тіркелді. Олардың 18-і 14 жасқа дейінгі балалар. Жыл басынан аталған дерттен 12 адам көз жұмды.

Атап айтқанда, қауіпті жұқпадан Алматыда 5 адам көз жұмған. Алматы облысында қаза болғандардың саны 3-ке жетті.

Соңғы жаңалықтар