Менингиттен көз жұмған студент оқиғасының мән-жайы анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда студенттің менингиттен қайтыс болуының мән-жайын Алматы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Алматы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова студенттің менингиттен қайтыс болуына оның дәрігерге кеш келгендігімен түсіндіреді.

«Қайтыс болған студент Қазақ көлік және байланыс академиясында оқыған. Ол жатақханадағы бөлмеде бес адаммен тұрған. Балалар үйлеріне қайтуға жиналып жүрген. Тексеру барысында анықталғандай, студенттер жаңбырдың астында қалып қойған. Жаңбырға малынған күйі теміржол вокзалына барған. Қайтыс болған студент ауыруы әбден асқынғаннан кейін ғана дәрігерге келген. Сол күні кешкісін оның температурасы көтерілген, ол өздігінен емделмек болған. Келесі күні денесін бөртпе басқанда, жедел жәрдем шақырған. Өкінішке орай, менингокок сепсисінің формасы басталған. Оған көмек көрсете алмадық, себебі тым кеш болды», - деді Айзат Молдағасымова.

Оның айтуынша, көз жұмған студент 118 адаммен байланыста болған. Олардың барлығы медициналық бақылауға алынған.

«Көз жұмған студентпен бірге тұрғандарда қабынудың белгілері болған. Біз олардың барлығын оқшауладық. Уақытында көмек көрсеттік. Әзірше зертханалық растау жоқ, бірақ аман алып қалған екінші науқаста менингиттің қаупі бар. Оныкі асқынған түрі еді. Қазіргі таңда оның жағдайы жақсы және палатаға шығарылды», - деп мәлімдеді Айзат Молдағасымова.

Соңғы жаңалықтар