Менингиттен баласы мен келінін жоғалтқан отбасының тағы бір мүшесі ауруханаға түсті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда менингиттен баласы мен болашақ келінінен айрылған отбасында тағы бір адам менингококк жұқпасына күдікпен ауруғана түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық келіншек Аида Ахметованың айтуынша, оның інісі тамағы ауырып ауруханаға түскен.

«Біз барлығымыз дәрігердің бақылауындамыз. Інім ауруханаға түсті. Оған диагноз қойылды - «менингококк жұқпасының «А» тобы. Ауруханада жатқанына 2 күн болды. Қызуы жоқ. Жағдайы жақсы. Дәрігерлер тағы қосымша талдаулар жасап жатыр», - деді Аида Ахметова.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, жігітке «менингококкты назофарингит» диагнозы қойылған. Алайда, бактерия әлі қанға өтпеген. Дәрігерлер оның алдын алу үшін профилактикалық шараларды бастап кетті.

3 маусым күні менингококк жұқпасынан көз жұмған 27 жастағы өрт сөндіруші Олжас Сүлейменовтың ағасы Ерболат Сүлейменовтың диагнозы әлі белгісіз. Ерболат 5 маусымда өзін жайсыз сезінген соң ауруханаға келген.

«Басым айналып, әлсіреген соң ауруханаға өзім келдім. Қан тапсырдым, жақпа алды. Дәрігерлер бәрі таза деді. Бірақ сонда да антибиотик терапиясын қабылдап жатырмын», - деді Ерболат Сүлейменов. 

Бүгінгі таңда республика бойынша 59 адам менингококк жұқпасын жұқтырған. Республика бойынша менингококк жұқпасынан 13 адам көз жұмды.

Алматыда 5 адам қайтыс болды. Олардың екеуі - 5 жасқа дейінгі балалар. Екі баланың анасы аурудың алғашқы белгілері басталғанда жекеменшік емханадағы өздерінің жеке дәрігерлерінен кеңес алғаны белгілі болды. 

Соңғы жаңалықтар