Менингит: Қызылордада лагерьге баратын балалар медициналық бақылаудан өтеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жазғы тыныгу лагеріне баратын балалар толықтай медициналық бақылаудан өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханаева бұл шара өңірде менингококты инфекция жағдайы бойынша қолға алынып отырғанын жеткізді. Дене қызуы өлшеніп, ауру белгілеріне шағымдарын тыңдайды. Ал, сырттан келетін жолаушыларға ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

«Әрбір адам ауырмаудың басты жолын табуы керек. Яғни, тазалықты сүйіп, гигиена сақтауы қажет. Егер сәл ауру белгілері білінсе, дереу медициналық бетперде киеді. Ең алдымен, жан-жағындағы адамға инфекция жұқтырмауды ойлауы тиіс», - деді Ұ.Аханаева.

Сонымен қатар, облыс бойынша күнделікті жедел жәрдем дәрігерлерін шақыртушылар саны мыңнан асты. Бұл шақыртулар әдеттегіден 25 пайызға артқан. Ал, жұқпалы аурулар ауруханасына күнде 80-85 адам түрлі ауру белгілерімен шағымданып, дәрігерлерден кеңес алуда.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін облыста менингококты инфекция жұқтырған Жаңақорған ауданының тұрғынынан инфекция 31 мамырда анықталып, ол 2 маусымда аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Онымен байланыста болған 65 азаматтың 50-не жүргізілген профилактикалық ем шаралары аяқталды. Қалған 15 азамат дәрі-дәрмекпен емделуде.

Соңғы жаңалықтар