Менің ұмтылысымды қолдағаны үшін мемлекетке алғысым шексіз - І топ мүгедегі Б.Халықбаев, кәсіпкер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан үкіметі мүгедек болса да өз ісін бастаймын дегендерге үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мемлекеттің қолдауының арқасында жүздеген мүгедек жандардың жанарында үміт оты пайда болды. Солардың бірі - ақтөбелік Болат Халықбаев. Ол бүгінде «Бизнес-Өрлеу» байқауында өзінің бизнес-жобасын ұсынып, бағын сынады.

«Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан тусын» дегендей, менің кәсіпкер ретіндегі қадамымды мемлекет, демеушілер барынша қолдап жатыр. Міне, 2 апта бойы оқып, білімімізді кеңейттік. Қаржылай да қолдау көрсетіп жатыр. Осындай қамқорлықтан соң біз кәсіпкерлер ел мүддесіне қызмет етуіміз керек. Президентіміздің шағын және орта бизнес субьектілерін қолдауға барынша басым бағыт беруі көңіл қуантады», - дейді ол.

Жас кәсіпкер өзінің туған қаласында вендинг бизнесін жүргізуді мақсат тұтып отыр. Демеушілер бөлген қаржыға ол кофе-аппараттарды сатып алмақ. Айта кетейік, бұл - оның екінші ұмтылысы. Мамандығы дизайнер болған соң жігіт Ақтөбеде өзінің полиграфиялық орталығын ашқан. Кәсіпкер алғашқы кезде білімі жетіңкіремей, біраз қиындыққа тап болғанын айтады.

«Әрдайым білім де, қайсарлық та бірге жүруі керек деп ойламын. Білімсіз ештеңе бітіру мүмкін емес. Білімі бола тұра, қайсарлық болмаса ол тәуекелге бара алмауы мүмкін. 2 жеті болды сабақ өтіп жатырмыз. Білгенім - бір тоғыз, білмегенім - тоқсан тоғыз екеніне көзім жетті», - деді Болат Халықбаев.

Сондай-ақ, республикалық байқаудың үздік отыздығына Алматы облысының тумасы, 1 топ мүгедегі Елдос Баялышбаевтың жобасы да енді. Ол болашақта Талдықорған қаласында мүгедек адамдарға арналған «Асар» оңалту орталығын салуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, «Бизнес - Өрлеу» байқауының жеңімпаздары бүгін анықталады. «Стартап» жобаларды қолдауға арналған «Бизнес-өрлеу» жобасы биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Қазан айының 10-31 аралығында еліміздің 8 қаласын байқаудың Сараптық Кеңес мүшелері аралап шыққан болатын. Нәтижесінде үздік бизнес-жоба көрсеткен 30 үміткер іріктеліп алынды.

Олар 2 апталық оқыту курстарынан өтті. Оқытуды Қазақстандық және шет елдік бизнес тренерлер жүргізді. Байқаудың жүлде қоры 300 мың доллар екенін атап өтуіміз керек. Гран-при иегері 100 мың доллар иеленеді.

Соңғы жаңалықтар