Менің деңгейіме жетіп алсын - Ангелина Лукас Назым Қызайбай туралы

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас Назым Қызайбаймен кәсіпқой рингте жұдырықтасуға дайын екенін тағы да мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда титулдық жекпе-жек алдында өткен баспасөз мәслихатында журналистер Ангелинадан Назым Қызайбаймен кездесуге дайындығы туралы сұрады.

Мен кәсіпқой бокста осымен үшінші рет атақ үшін айқасқа шыққалы отырмын. Назым Қызайбай алдымен кәсіпқой рингте, шлемсіз жекпе-жек өткізіп көрсін, сезінсін. Менің рейтингім одан жоғары. Менің деңгейіме жетіп алсын. Мен дайынмын, -

деді кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас.

Бокс кешін ұйымдастырушы Әлімжан Қалдияров шоу көрсеткісі келетін боксшыларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Ал, ертең Ангелина Лукас (2-0, 1 KO) танзаниялық мінезді қыз Лулу Каягемен (8-8-4, 2 КО) UBO чемпиондық титулын сарапқа салады.

Ертеңгі жекпе-жекке келетін болсақ, қарсылас тәжірибелі. Бірақ, мен жеңіске жетуім керек, өйткені бізді маңызды мереке – Тәуелсіздік күні келе жатыр, кешті DAZN де көрсетеді. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, -

деді Ангелина Лукас.

Еске салайық, 11 желтоқсан күні кәсіпқой бокс шоуының басты жекпе-жегі жеңіліп көрмеген Жанқош Тұраров (25-0, 18 КО) пен азулы испаниялық Луис Энрике Ромеро (11-5-1, 7 КО) арасында өтеді. Қауіпті әрі аса тартысты болатын бұл айқаста IBO Intercontinental чемпиондық титулы бәске тігілген.

Луис Энрике өзінің DAZN аясында өткен соңғы жекпе-жегінде мықты румындық ринг шеберін нокаутпен жеңіп, әлемдік Boxrec рейтингіндегі ТОП-60 боксшының қатарына кірді.

Бокс кешінде Елхан Табынбаев (5-0, 3 КО) пен бразилиялық Матэус Да Сильвамен (7-0, 3 КО) жұдырықтасады. Әлихан Төленбаев (2-0, 1 КО) пен Адлан Сельмурзаев (4-0, 3 КО) секілді жастар да өнерін көрсетеді.


Соңғы жаңалықтар