«Менің арманым» атты жастар конкурсының жеңімпазы 5 миллион теңгеге ие болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұйымдастырушылар «Менің арманым» жобасына қатысуға мүмкіндік алған қабілетті жастар әлеуметтік инновацияларды ұсына алатынына сенімді. Қыркүйекте басталатын интеллектуалдық шоу желтоқсан айында соңына жетеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Республикалық «Менің арманым» жобасы 20 шілдеден 31 желтоқсанға дейінгі аралықта өткізіледі. Интеллектуалдық жарысқа Қазақстанның барлық аймақтарынан 14-29 жас аралығындағы жастар қатысуына болады. «Менің арманым»  жастар арасындағы әлеуметтік жобалар Ұлттық байқауының  жеңімпазы 5 000 000 теңгені иеленеді.

«Жоба барысында оқу тренингтері өткізіледі. Қыркүйекте 64 жобаның авторы Астанаға келіп, телевизиялық бағдарламаға түсуге әзірленеді. Авторлар жобаларын қалай қорғайды, қалай сөйлеу керек, қалай жобаны таныстыру керек - бәрін де үйретеміз. Желтоқсанда ақтық сайыс өтеді. 4 автордың жобасы іріктеліп, оның ішінде біреуі жеңімпаз атанады», - дейді «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігі бас директоры Ләззат Көккөзова.

«Менің арманым»  байқауының ақтық кезеңі теледидарлық әлеуметтік- зияткерлік шоуға ұласады. Жобаларды Қазақтан Республикасының белді қоғам қайраткерлері, саясаткерлері мен кәсіпкерлерінен құралған қазылар алқасы бағалайтын болады.

«Жобалар өте көп. Бәрі де әртүрлі. Ал мұндай жобаға тың қадам жасалып отыр. «Менің арманым» конкурсы арқылы қабілетті жастарға өз-өздерін танытуға тамаша мүмкіндік туып отыр», - дейді «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басқарма кеңсесінің басшысы Арман Евниев.

Соңғы жаңалықтар