Менің әкем мен анама қазақтар қатты көмектесті - Виктор Пак

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 1 наурыз - Алғыс айту күні қарсаңында Қаратал ауданының Бастөбе ауылында еске алу митингісі өтті. Жиында Алматы облысына жер аударылған корейлердің ұрпағы Виктор Пак аман қалғаны үшін Қазақ халқына алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1937-1938 жылы корей ұлтының мыңдаған өкілі Алматы облысы Қаратал ауданының Бастөбе ауылының маңына жер аударылған болатын. Күздің суығында аш-жалаңаш, тіл түсінбейтін ұлтты қазақ бауырына басты. Өздері де қиын қыстау заманды басынан кешіріп жатқан жергілікті тұрғындар корейлерді келімсек демеді. Бір үзім нанын бөліп, бауырына басты. Үйінің бір бөлмесін босатып берген. Бастөбе тауының етегіне баспана салып беріп, аман қалуына себепші болған.

Бүгінгі таңда Қаратал ауданында корейлердің саны 4 мыңға жетсе, облыс бойынша 16 мыңнан асады. Ұрпағын өсіріп, тілі мен ділін сақтап, еңбек етіп, ел қатарына қосылған этностың қазақ халқына деген алғысы шексіз.

Сол ұрпақтың өкілі Виктор Пак бүгінде Қаратал ауданының Ескелді ауылында тұрып жатыр. 67 жасар зейнеткер 40 жылға жуық зоотехник болып еңбек еткен.

Қария ұлын ұяға, қызын қияға қондырып ауыл халқымен бірлікте өмір сүріп жатқанын айтады.

Виктор Пак қазақ балаларымен тай-құлындай тебісіп, ойнап-күліп, қатар өскендіктен қазақ тілін өте жақсы меңгерген.

«Менің әкем мен анама қазақтың отбасы қатты көмектесті. Нан берді, сүт берді, құрт берді. Содан кейін үй берді. Біз осында өстік. Біз алғыс ретінде мұнда тастан ескерткіш қойдық. Қазақтың халқына мың алғыс!», - дейді корей этно-мәдени бірлестігі жанындағы ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Виктор Пак.


Соңғы жаңалықтар