«Мені жеңуі екіталай»: Иван Дычко Энтони Джошуаны жекпе-жекке шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауыр салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко (7-0, 7КО) WBA, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Энтони Джошуаны (22-0, 21КО) айқасқа шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Хабарланып отырғандай, 1 маусым күні Джошуа «Madison Square Garden» спорт кешенінде АҚШ-тағы дебюттік кездесуін өткізеді. Алайда жуықта оның қарсыласы Джарелл Миллердің (23-0-1, 20КО) допинг-тесттен өтпей қалғаны анықталған еді. Жақын арада Нью-Йорктегі Атлетикалық комиссияда Миллердің ісі қаралады. Болжам бойынша ол спорттан белгілі бір мерзімге шеттетілуі мүмкін. Ал Джошуаның командасы әзірге қарсыласты таңдау нұсқаларын қарастыратын емес.

Өз кезегінде Дычко Миллердің орнына шаршы алаңға шығуға дайын екенін білдірді. 2012 жылы Лондонда өткен Жазғы Олимпиада ойындарында Джошуа жартылай финалда қазақстандықты ұтып, «алтын» медаль иеленген еді.

«Джошуа мені сол кезде ұта алмағанын жақсы біледі. Қазір де мені жеңуі екіталай. Ол сол кезде (Лондондағы Олимпиадада - авт.) өз Отанында төрешілердің шешімімен мені ұтып, алтын медальге ие болды. Ендігі кезекте мені шынымен де жеңгенін дәлелдеу үшін оған жақсы мүмкіндік туып отыр. Кезінде оған жеңіс сыйға тартылып кеткен. Ал мен қазір нағыз бабымдамын», - дейді Дычко.

Иван Дычконың айтуынша, Джошуа бұрынғы күйінде қалған.

«Ол әр кездесуінде басынан біршама соққы алады. Кейін күштілігімен қарсыласын еңсеріп кетіп жүр. Қысқасы, мен оны қалай жеңу керектігін жақсы білемін. Оны бір кездері жасағанмын да. Энтониден жауап күтемін», - дейді қазақстандық боксшы.

Еске сала кетсек, Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Иван Дычко (7-0, 7 КО) кәсіпқой бокстағы келесі жекпе-жегін 1 наурыз күні АҚШ-та өткізетіні бұрын да хабарланған еді. Мәлім болғандай, жекпе-жек Флорида штатының Холливуд қаласындағы Seminole Hard Rock Hotel and Casino кешенінде өтеді. Әзірге қазақстандықтың қарсыласы белгісіз.

Соңғы жаңалықтар