Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 352.54 EUR 415.15
RUB 5.31 CNY 51.53
Жаңалықтар

Мені Димаш Құдайберген еткен қазақ халқына мың алғыс - әншінің Астанадағы концерті

2017 жылғы 25 сәуір 21:41 5912
Бөлісіңіз:
Мені Димаш Құдайберген еткен қазақ халқына мың алғыс - әншінің Астанадағы концерті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» концерт залына келген халықтың санында шек болмады. Барлығы әлемді мойындатқан әнші Димаш Құдайбергенді көруге асықты. Ғимаратқа алдымен шақыру билеттері бар көрермендерді кіргізді. Алайда сыртта қалған халық та ішке лап беріп, күзетшілерге қарамай, залға кіріп кетті. Сөйтіп, «Әлем таныған Димаш» атты мерекелік шарада ине шаншар жер табылмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараның басында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Димаштың ата-әжесіне шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал ақын Жансая Мусина әншіге өз арнауын жолдады.


Мені Димаш Құдайберген еткен қазақ халқына мың алғыс - әншінің Астанадағы концерті  



Шара барысында Димаштың шығармашылық жолына арналған бейнебаян көрсетіліп, «I am Singer» байқауындағы жетістіктеріне тағы бір мәрте шолу жасалды. Димаштың әкесі - Қанат Айтбаевтың айтуынша, Димаштың алғашқы айтқан әні «Ақтөбе» шығармасы болатын. Бүгінгі концертте сол ән орындалмаса да, Димаш әке-шешесімен бірге «Асыл анашым» әнін айтып берді.


Мені Димаш Құдайберген еткен қазақ халқына мың алғыс - әншінің Астанадағы концерті

«Туған жерімнің ыстық ықыласын сезіну өте маңызды екеніне көзім жетті. Осы орайда барша әлемге, барша тыңдармандарыма, қазіргі өнерімнің танылуыма ерекше септігін тигізген, мені үлкен сахнаның төріне шығарған, Димаш Құдайберген еткен қазақ халқыма мың да бір тағзым етемін», - деді әнші өзінің бір сөзінде.


Мені Димаш Құдайберген еткен қазақ халқына мың алғыс - әншінің Астанадағы концерті

Концерт кезінде әнші Ұшқын Жамалбек Димаш Құдайбергенге арнап жазылған әнді шырқап берді. Димаш оған да, өзімен бірге Қытайда болған жан жолдасы Алпамыс Шерімовке де өз алғысын білдірді. Әрине, оған дейін өзінің Миуа әжесі мен Құдайберген атасына, Света анасына, Қанат әкесіне, барша ұстаздарына, тіпті өзінің курстас достарына шын ризашылығын жеткізді.



Шараның соңында Димаш «I am Singer» байқауында орындаған «Дайдидау» әнін орындап берді. Басында домбырамен күй шертемін деп, бір-екі рет жаңылысып кетсе де, әзіл айтып, халықтың көңілін көтерді.Сосын микрофонын алып, әлемге танылған «Дайдидауды» шырқады. Осы әннен кейін халықтың қошеметі толастамады. Оған көңілі босаған Димаш тағы бір әнді орындады. Ол да «I am Singer» байқауында шырқалған ән, жаңа ән - «Махаббат бер».



Ал, журналистерге сұхбат берген Димаштың продюсері әрі досы Алпамыс Шерімов әншінің алдағы жоспарлары жайында айтып берді.
«Алда үлкен жоспарлар бар. Қазір ол Қытай елін таңқалдырып жатыр. Алдағы уақытта Еуропаның ең танымал бір бағдарламасы бар, оны әзірше құпия түрде сақтай тұрайын. Сол бағдарламасында Димаш құрметті қонақ ретінде әлемнің танымал әншілерімен бірге өнер көрсететін болады. Келесі айдың бас жағында», - деді Шерімов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде бір келісімнің мерзімі аяқталған жоқ. Бірақ нақты қай келісім екенін ашық айтпады. Сол құжаттың мерзімі аяқталған соң, Димаш бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесіп, кеңінен әңгімелесе алады.

 

 


Бөлісіңіз:

Автор:

Арман Асқаров

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
Мұрағат