«Мен жас күнімнен қазақ тіліне өте жетік болып өстім, тіпті бүгінде қазақша ойлаймын да» - Геннадий-Алтынбек Шиповских, Мәжіліс депутаты (ФОТО)

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Соңғы аптаның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің ең жас депутаты Геннадий Шиповских туралы республикалық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. «ҚазАқпарат» ХАА аймақтағы меншікті тілшісі демалыс күндері Қызылордаға келіп қайтқан Генаның отбасымен кездесіп бірнеше сауал қойған еді.

- Геннадий, Мәжіліс депутаты болғаннан кейінгі алғашқы сапарың ғой. Ата-ана, дос-жарандарың өзіңнен кем қуанбаған болар.

- Әрине, бәрі қатты қуанды. Әсіресе, ата-анам мен туысқандардың қуанғанын көрсеңіз. Мен бірер күнде Астанаға жұмысқа қайтып кететіндіктен олар қазақы жолмен мал сойып, құран шығарып ағайындар мен достарымды түгел жинап отыр. Өзіңіз де қуанышты күннің куәсі болып отырсыз.

- Геннадий, өмірдерегің туралы баспасөз беттерінен азды-көпты хабарымыз бар. Дей тұрса да, өзің тағы бір тоқталып өтсең...

- Отызға толғаным жоқ, өмір жолым енді басталды десем болады. Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты «Сексеуіл» кентінде 1989 жылы 22 қазанда дүниеге келдім. Әкем - Геннадий Павлович Шиповских пен анам -Лидия Николаевна Куликова қарапайым еңбек адамдары болды. Осындағы қазақ балабақшасына барып, қазақ мектебінде оқыдым. Ал, бабаларымыздың бұл өлкеге келгеніне ғасырдан асыпты. Патшалық Ресей теміржол құрылысын жүргізген кезде келіп, осында тұрақтап қалып қойған. Тағдырдың жазуы шығар, анам 2002 жылы өмірден озса, араға жыл салып әкем дүние салды. Мұнан кейінгі өмірім Қызылорда қаласындағы балалар үйінде жалғасты. Бұл жерде жағдайым болды деп айта алмаймын. Уақыттың да қиын кезі, ата-ана құшағынан шығып келген мен үшін оңай тиген жоқ. Мен бірнеше рет балалар үйінен қашып кеттім. Сол кездері қаладағы дәмханаларда «брейк-данс» билеп нәпақа тауып жүрдім. Кәмелетке жасым толмағандықтан мені балалар үйіне қайта алып келді. Тағы қаштым. Сондай бір күндері досым Еркін деген бала қала іргесінде шаруа қожалығы бар бүгінгі ата-анамның үйіне кездейсоқ ертіп барды. Расын айтсам, өздерінің бес баласы бар, көпшіл жанұядан кеткім келген жоқ. Қандай да бір күш мені осы отбасына байлай берді. Бірнеше күн болдық, қолғабыс жасадым. Менің бар жағдайымды естіген отбасы көп ойланбастан патронаттық негізде мені қолдарына алды. Мен кең дүниенің бостандығына тордан шыққан құстай өзімді еркін сезіне бастадым. Жан-дүниемде өзіме осынша қамқорлық жасауға тәуекел етіп отырған жандарға алғысым шексіз еді. Балаларының алды жоғары оқу орнында оқитын ата-анам менің оқуымды жалғастыруымды қалады. Қаладағы №6 мектептің кешкі бөлімінде оқуымды жалғастырдым. Мектептен соң Қазалы ауданындағы теміржол училищесіне түстім. Оны бітіргеннен кейін Қызылорда жөндеу локомотивінде жұмыс істедім. Осы жылдар ішінде папам Мұрат пен мамам Баян мені өз балаларынан бір бөлектеген емес. Үнемі қамқор болып, оқуымды үзіп алмауымды қадағалады. Ақылдарын айтып, үлкен өмірге дайындады. Өмірімнің қысқаша дерегі осы десем болады.

- Геннадий, ата-анаң Алтынбек деп атайтынын білемін. Осы оқиғаны айтып берсең...

- Мен жас күнімнен қазақ тіліне өте жетік болып өстім, тіпті бүгінде қазақша ойлаймын да. Қазақтың мақал-мәтелдерін сөз орайында қалай айтып қалғанымды да байқамай қаламын. Қазақта «адамнан жасырғанды құдайдан жасыра алмайсың» деген аталы сөз бар ғой. Оның сырын мен жасырғанмен, ел ертең бәрібір біледі. Біреулерге бұл қызықты болып көрінуі мүмкін, алайда бұл менің маңдайыма жазылған тағдырым ғой. Оған еш өкінген кезім болған емес. Қайта бүгінгідей жетістігімнің бәрі ата-анамның ниеті мен Жаратқанның сыйы деп түсінемін. Он жеті жасымда ата-анам Алтынбек деп азан шақырып ат қойды. Мұсылманшылық дәстүрмен сүндетке отырғызып, той жасады. Папам тек қана: «Тегіңді өзгертпе, ата-анаңның еш кінәсі жоқ, құдайдың ісі ғой. Тек ертеңгі күні бір немеремізге біздің тегімізді берсең болды» деді. Мен оған қуана келістім. Содан бері бәрі Алтынбек, еркелетіп «Алтош» деп те атайды. Бұл оқиғаның сыры осы.

Геннадий Шиповских Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Елбасы алдында сөз сөйледі, сол жолы көптің есінде қалды. Күні кеше өткен Парламент Мәжілісіне «Нұр Отан» партиясы атынан депутат болып сайланды. Халық қалаулысы қызметіндегі еңбек жолы енді басталды. Сол себепті де бұл бағыттағы жоспарларын сұрауды жөн көрмедім. Ал, өзінің бар арманы- елі артқан жауапкершілік жүгін ақтап, қашанда абырой биігінен табылу.
null null null null null null null null

Соңғы жаңалықтар