«Мен сыйлық алмаймын» - Ақтөбелік ұстаздардың челленджі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік ұстаздарға үндеу тасталды. Олар «Мен сыйлық алмаймын» челленджін қолдап, әлеуметтік желіге, ата-аналарға таратып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті «Мен сыйлық алмаймын!» үндеуін жариялады. Қазір облыстағы мектеп, балабақшалардың барлығы әлеуметтік желі атқылы ата-аналарға ақша сұрамайтынын, сыйлық алмайтынын жариялап жатыр.

«Жалпы конференция кезінде «Мен сыйлық алмаймын» үндеуі жарияланды. Үндеуді мұғалімдер қолдап, ата-аналардың әлеуметтік желідегі чатына, әлеуметтік желіге жариялап жатыр. Челленджді бастауға қоғамдық бақылау картасындағы сұрақтар себеп болды. Әлеуметтік желіні қарап отырған кезде жаңа оқу жылында мектепке, мұғалімге ақша жинау туралы арыздар түсті. Көмек беруге біреуінің жағдайы келеді, екіншісі қауқарсыз. Әлеуметтік араздық болмас үшін челлендж өткізуге шешім қабылданды»,- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, облыстық департаментінің басқармасы басшысы Ербол Толыбаев.

Айта кетейік, челлендж жаңа оқу жылы мен мұғалімдер күні қарсаңында жоспарлы түрде өткізіліп жатыр. Қазіргі уақытта мектептер мен балабақшалар әлеуметтік желі арқылы сыйлық алуға қарсы екенін білдіре бастады.

Соңғы жаңалықтар