Мен отбасыма, өзіме аз қаражат жұмсаймын- Головкин ашық сұхбат берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Танымал қазақстандық кәсіби боксшы Геннадий Головкин FOX News радиосына қызықты сұхбат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz интернет-порталына сілтеме жасап.

- Сіз бокспен қашаннан айналысасыз?

- 8-9 жасымнан бастап. Інім екеуміз бірге бардық.Біз егіз болғандықтан үнемі бірге жүретін едік.

- Бокспен айналыса бастаған кезде ата-анаңыз не ойлады?

- Қуанған жоқ. Қазір оларға не үшін ұнамағанын түсініп жүрмін, себебі олар менің футболмен немесе тенниспен шұғылданғанымды қалады. Ол жақтағы адамдар мүлдем басқа.

- Сіз Қазақстанда неше жасқа дейін тұрдыңыз?

- 22 жасқа дейін

- Сіз қазір Лос-Анджелесте жүрсіз. Қандай айырмашылық бар?

- Айырмашылық көп. Екі жақты салыстырып, бірдеңе жақсы, бірдеңе жаман дегім келмейді. Әртүрлі орындар, әртүрлі адамдар....

- Сіз «Канело» Альвареспен екі рет айқастыңыз, енді үшінші жекпе-жекті қалайсыз. Бірақ, трилогия кейінге қалып жатыр, себебі ол ешкіммен айқаспаған соң титулынан айырылды. Сіз жекпе-жекке шыққыңыз келетін адам сол ма?

- Иә, ол мен бокстасқым келетін басты қарсыласым. Біз онымен қыркүйекте айқасқымыз келді. Мексиканың Тәуелсіздік күні– 14 қыркүйекте. Ақша көп түсуші еді. Білмеймін, ол неге тиімсіз деп ойлағанын.

- Мүмкін, қорқатын шығар?

- Жол, ол қорықпайды. Ешкім де қорықпайды. Мүмкін, ол ұзағырақ чемпион болып қалғысы келетін шығар, сынға түскісі келмейтін болар.

- Бірақ, ол бас тартқандықтан орта салмақтағы IBF әлем чемпионы титулы бос тұр. Сіз сол үшін Деревянченкомен айқасасыз. Сіздердің жекпе-жектеріңіз қашан?

- 5 қазан.

- Екеуіңіздің біреуіңіз бос тұрған әлем чемпионы титулын иемденеді ғой?

- Иә.

- Кейін «Канело» белбеуді өзіне қайтарғысы келсе айқас өтеді ме?

- Мүмкін. Оны айту қиын. Бұл бизнес. Бір күні дайынмын деп ойлайсың, келесі күні дайын емеспін дейсің. Бұл өмір.

- Сіз оны нокаутқа түсіресіз бе?

- Жоқ, - бұл қиын айқас, жоғары деңгейдегі жекпе-жек. «Иә, оны жеңемін» деп айту оңай, бірақ мен өзімнің, ол өзінің жағдайын жақсы біледі. Айқас қиын болады. Бокс – спорттың қиын түрі, бір соққы өміріңді өзгертуі мүмкін. Тек қана айқасты емес, спортшының бүкіл өмірін өзгертуі мүмкін.

- Сіз өте қарапайымсыз. Көптеген боксшылар, Мұхаммед Әлидің өзі де қарсыласы туралы жаман сөздер айтқанды жақсы көретін. Қарсыласының миына кіріп, оның тепе-теңдігін бұзуды қалайтын. Сіз ондай емессіз.

- Мен ондай емеспін. Менің барым осы, біреу сияқты болғым келмейді. Трэш-токты ұнатпаймын. Мен үшін бокс – спорт, мен бокстың жанкүйерімін, мен нағыз чемпиондарды құрметтеймін.

- Сіз DAZN-мен келісім жасадыңыз. Олар сізге жақсы ақша төлейді. Сіз ақшаны басқара аласыз ба? Спортшылардың өз ақшасын көліктерге, қымбат бұйымдарға, сауық кештерге жұмсаған оқиғалары көп болған.

- Менің отбасыма, балаларыма, өзіме аз қаражат жұмсаймын.

- Демек, ешқандай «Роллс-Ройс» керек емес пе?

- Менде «Роллс-Ройс» болды. Бұл қалжың.

- Сіз қазір Лос-Анджелесте бассейні бар зәулім үйде тұрып жатсыз ба?

- Жоқ, бірақ мұнда өмір сүру өте қымбатқа түседі.

- Жұбайыңыз сіздің айқастарыңызға барады ма?

- Жоқ, ешқашан. Бұл оның емес, менің ісім.

- Ұлыңыздың боксқа барғанын қалайсыз ба?

- Жоқ. Ол ақылды, төрт тіл біледі – өскелең ұрпақ. Мен – «бұрынғы мектептің» адамымын, біздің өміріміз әртүрлі. Оның жағдайы басқа.

- Қай жасқа дейін бокстаспақшысыз?

- Білмеймін. Қазір 10 жыл бұрынғыдай күш-қуатым да, жылдамдығым да бар. Оған қоса тәжірибем, танымалдығым, демеушім, жаңа идеям бар. Оның қандай идея екенін айтпаймын – бұл бокс, қауіпті спорт, жағдай кез келген кезде өзгеруі мүмкін.

- Сіз ешқашан нокаутқа түсіп көрмедіңіз. Қалайша?

- Генетика, мені қолдайтын ата-анам, жанкүйерлерім. Салауатты өмір салты.

- Сіз 37 жасыңызда өзіңіздің формаңызды сақтап қалғансыз. Жиі жаттығасыз ба?

- Күн сайын екі рет жаттығамын. Біріншісі – 3 сағат, екінші рет – 4. Күніне 7 сағат. Тіпті, тәулігіне 24 сағат жаттығамын, себебі ұйқыңды, диетаңды қадағалап отыруың керек. Фокусты жоғалтсаң, бәрі бітті.

- Қазақстанға жиі барасыз ба? Ол жақта өмір қалай?

- Кейде барып тұрамын, ол жақта достарым бар. Маған саяхаттаған ұнайды. Ресейде – Мәскеу, Санкт-Петербург, мен тілді білгендіктен маған ол жақта жүрген жеңіл. Ақылды адамдармен кездескенді ұнатамын. Қытай, Малайзия, Жапония – керемет орындар. Ол басқаша әлем.

- Сізге қай жерде айқасқан ұнайды?

- «Мэдисон Сквер Гарденде». Ол жер бокстың Меккесі. Онда үздік айқастар өтті – Әли, Тайсон жұдырықтасқан. Оның атмосферасы басқаша, барлық көрермендер – бокс сарапшылары, олар үшін айқасқан ұнайды.

Соңғы жаңалықтар