«Мен Қазақстан заңнамасында нені өзгертер едім?» атты конкурс жеңімпазына 1,5 млн. теңге бұйырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Мен Қазақстан заңнамасында нені өзгертер едім? Неге? Бұл елімізге не береді?» атты республикалық конкурстың жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі болып өтті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева және Қазақстандағы ірі ақпараттық портал «Zakon. kz» бастамашылығымен өткен конкурстың бас жүлдесі Гүлжазира Ақтөреқызы Ильясоваға бұйырып, ол 1,5 миллион теңгеге ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіби заңгерлердің азаматтық заң шығармашылығы бастамашылығын дамытуға арналған алғашқы конкурс 11 наурызда басталып, 11 мамырда аяқталған болатын. Осы уақыт аралығында республика бойынша түрлі сала иелерінен мыңнан астам жұмыс келіп түскен. «Екі ай ішінде біз өзіміз күтпеген нәтижені көріп отырмыз. Аз ғана уақытта ары кетсе 100-ге тарта өтініш болады деп ойлаған едік, ал мыңнан астам жұмыс - бұл екі ай ішінде ғана жүзеге асып отыр әрі азаматтық қоғамның зор ынтасын көрсетеді. Ал конкурс бір жылға жалғасса, онда біз идея мен ұсыныстардан бас ала алмай қалатын едік», - дейді Мәжілістің вице-спикері Дариға Назарбаева. Оның айтуынша, сайысқа негізінен 10-нан астам ғылым докторлары, 30-ға жуық кандидаттар қатысқан. Олардың басым көпшілігі заңгерлерден (90 пайыз), экономистерден (8 пайыз), қалғаны - инженерлер, дәрігерлер, педагогтарсынды басқа да мамандық иелерінен тұрады.

Сонымен сарапшылардың қорытындысы бойынша «Мен Қазақстан заңнамасында нені өзгертер едім? Неге? Бұл елімізге не береді?» атты республикалық конкурстың бас жүлдесі «Қазақстандағы заңнаманы мемлекеттік тілге сапалы аударудағы өзекті мәселелер» атты жұмыс авторы Гүлжазира Ақтөреқызы Ильясоваға бұйырып, ол 1,5 миллион теңгеге иеленді. Екінші орынды «Қазақстандықтардың әлеуметтік-құқықтық өмір сапасын жақсарту: жеңілдіктер мен шарттар» атты еңбектің авторы Абраменко Олеся Юревьна еншіледі. Оған ақшалай сыйлық ретінде 1 миллион теңге бұйырды. Ал үшінші орын Сизов Александр Сергеевичке «Энерготиімділікті арттырудың қарапайым тәсілдері» атты еңбегі үшін берілді. Оның қанжығасына байланған ақшалай сыйақы 700 000 теңгені құрады.

Осындай жүлделі үш орыннан басқа еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуын заңнамалық реттеу, азаматтық құқық, ақпараттық құқық бағытындағы үздік жұмыстар аталымдары бойынша да сыйлықтар тағайындалып, марапаттаумен қатар ақшалай ынталандыру жүзеге асты.

«Бұл республикалық конкурс оған қатысушылардың қазақстандық заңнама мәселелерін жеткілікті білетіндіктерін көрсетті. Демек, сайыскерлердің тың идеясы мен ұсыныстары заң шығару жұмысында маңызды рөл атқаратын болады», - деді Дариға Назарбаева.

Сайысқа қатысушылар негізінен әлеуметтік-экономикалық даму, білім, денсаулық, отбасы институын нығайту тақырыптарын қамти отырып, жемқорлықпен күрес, кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы жетілдіру, конституциялық құқық секілді өзекті мәселелерді де назардан тыс қалтырмаған. Ұйымдастырушылар республикалық конкурсты жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұру туралы мәселені де көтеріп отыр.

Соңғы жаңалықтар