«Мен қазақша сөйлеймін» акциясының жеңімпаздары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін республикалық «Мен қазақша сөйлеймін» акциясының 9-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері арасындағы ІІ кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлем халықтары жаһандану процесінің қарқынды жүруіне байланысты өздерінің ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын жандандыру бағытында түрлі шараларды жүзеге асыруда. «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясының өзектілігі де осы міндеттермен үйлеседі. Бүгінгідей шаралардың негізінде мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеу аса маңызды» - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілген бұл акцияға 14 ұлт өкілінен 213 адам қатысып, қазақтың белгілі ақындарының туған ел, туған жер тақырыбындағы жыр жауһарларынан үзінділерді мәнерлеп жатқа оқыды. Қатысушылардың ішінде орыс ұлтының өкілдері басым – 68 қатысушы. Одан өзге өзбек, түрік, әзербайжан ағайындардың белсенділігі жоғары болды.

Шараға қатысушылардың басым көпшілігі Шымкент қаласы, Жамбыл, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарынан.

«Шыны керек, жыл санап тілдің майын тамызып, қазақ тілінде нақышына келтіріп жыр оқитын өзге ұлт өкілдерінің қатары көбейіп келеді. Әсіресе олардың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы қуантады», деді Ә. Қаба.

Қазылар алқасының шешіміне сәйкес, бас жүлдені Жамбыл облысының өкілі Аяна Ким Фариза Оңғарсынованың «Туған жер» шығармасын мәнерлеп жатқа оқығаны үшін иеленді. Ал бірінші орын Сабина Сыхуроваға, екінші орын Анора Юнусоваға бұйырып, үшінші орынды Дилрабо Хикматтуллаева мен Дмитрий Рябоконь жеңіп алды. Ынталандыру дипломымен Жамбыл облысының саңлақтары Карина Дакай, Алина Алиева, Малика Бешлы-Оглы, Татьяна Зайцева, Шымкент қаласының тұрғыны Сабина Абдужапбарова, Түркістан облысының тумалары Дияра Батырали мен Зарина Гулмамедова, Солтүстік Қазақстан облысынан Николай Кайнов пен Роман Жолудев, Алматы облысынан Виктория Галузинская марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, акцияның 5-8 сынып оқушылары арасында өткен І кезеңіне 22 этнос өкілінен тұратын 326 адам қатысты. Келесі кезеңдер жоғары оқу орындарының студенттері мен ересек тұрғындар (5 шілде – 5 тамыз аралығында) және құқық қорғау, ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында (6 тамыз – 6 қыркүйек) өтеді.


Соңғы жаңалықтар