«Мен қазақпын»: Павлодар оқушыларының челленджі әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының орта мектептері арасында еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне орай ерекше челлендж басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абзал Қабдраш есімді азаматтың Facebook-тегі парақшасында жариялаған видеодан мектеп оқушыларының елімізде хитке айналған Қуандық Рақымның «Мен қазақпын» әнін қосыла шырқағанын көруге болады.

«Павлодар қаласының №25 жалпы орта білім беру мектебі Тәуелсіздік мерекесіне арналған челленджді «Жебе» және «Қағандық» қоғамдық бірлестігінен қабыл алып, №19 жалпы орта білім беру мектебіне жолдайды», - деді оқушылар әнді шырқамастан бұрын мектеп ұстаздарының бірі мектептің Instagram-дағы парақшасында жарияланған видеода.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде жарияланғанына тәулік болмаса да бұл видеоны 10 мыңнан астам адам тамашалап, оның 400-ден астамы лүпіл басқан. Бөліскен адамдардың қатары 600-ге жуықтайды. Пікір жазушылардың да легі қалың.

«Бұл мектептің директоры да мықты патриот адам! Оның шәкірттері де сөзсіз елін сүйер, рухта болары һақ!!!», - деп пікір қалдырады Айна Кәрімова есімді желі қолданушы.

«Тәуелсіз елдің болашағы осылар аман болсын!!! Керемет!», - деді Еркеғали Жанғазы есімді азамат.

Естеріңізде болса, Қуандық Рақымның «Мен қазақпын» әнін 2018 жылдың 7 мамырында Қарулы күштердің 3 мың сарбазы жауынгерлік парад кезінде шырқаған еді шыққан еді.

Бұл туындының сөзін ақын Нұржан Өмірбай, ал әнін Жарасхан Төлебай есімді жас композитор жазған. Ән авторы Жарасқан Төлебайдың айтуынша, «Мен қазақпын» әні кейінгі буын өкілдерінің шетел музыкасына еліктеуі өршіп бара жатқан уақытта, елдің рухын оятатын қазақ әні жат елдің даңғазасына тойтарыс болсын деген мақсатта туындаған.

«Қазақстан әскері - еліміздің тірегі. Бір мемлекеттің әскері сапта тұрып, «Мен қазақпын» әнін шырқап тұрса, әрине бұл мен үшін зор қуаныш, үлкен жетістік», - деді Ж.Төлебай.

Соңғы жаңалықтар