Мен ғарышқа тек Қазақстанның төлқұжатымен ұшқым келді - А.Айымбетов (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ғарышкер Айдын Айымбетов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерімен жүздесті. Бұл кездесу қазақтан шыққан үшінші, «Қазғарыштың» бірінші ғарышкерінің халқаралық ғарыш стансасына сапарына арналды.

Айдын Айымбетов өзінің халықаралық ғарыш стансасында өткізген күндері туралы, ғарышқа сапары туралы студенттерге айтып берді. Сондай-ақ ол оқу орнындағы нано-зертхана мен ғылыми-техникалық парктің жұмысымен танысып, бірегей кітапханада болды. «Айдын Ақанұлының біздің ЖОО ұжымымен кездесіп жатқаны өте қуанышты жайт. Қазақ ұлттық университеті еліміздің ғарыш технологиясы ғылымына үлес қосып жатқан оқу орны. Мемлекеттік деңгейде ғарыш саласына қажетті мамандар дайындайтын білім ошағы. Оқу орнының ғалымдары ойлап тапқан «Кулон плазмалық кристалы» жобасы ғарышкердің ғылыми бағдарламасына енді», - деді университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов. Оның айтуынша, қазір университет ғалымдары екі спутник ойлап тапты. «Фараби-1» нано-спутнигі мен салмағы 50 келі болатын жасанды серік студенттердің қатысуымен жасалған. «Мені еліміздің ең беделді оқу орнына шақырғанына өте қуаныштымын. «Кулон плазмалық кристалы» ғылыми жобасын жүзеге асыруға қатысқаным маған үлкен мәртебе. Ғарышқа Мемлекет басшысының шешімі мен қолдауының арқасында ұштым. Ұшу барысында ауқымды ғылыми бағдарлама жасалды. ҚазҰУ жобасы бойынша зарядталған микробөлшектердің салмақсыздық кезінде әрі түрлі магниттік кернеу аясында бір-бірімен ықпалдасуы зерттелді. Зерттеу нәтижелері бірнеше облыста пайдаланылады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ғарыш саласы ғылымының дамуына бар жағдай жасалатынын айтты», - деді А.Айымбетов. Бала кезінде Айдын Айымбетов те басқа балалар сияқты ғарышқа ұшып, белгісіз ғаламшарларды, жұлдыздарды ашуды армандаған. «Қазір де бұл арман көкейімде қалып отыр. Ай ғылыми базасын қалыптастыруға қатысқым келеді. Марсқа ұшқым келеді. Бұның барлығы ертең болмайды. «Ай бағдарламасы» 10-20 жылдан кейін болады. Бұл сіздер үшін таптырмас мүмкіндік», - деді ол. Студенттердің бірі қазақ ғарыш саласындағы күрделі кезеңде ғарышкерлердің барлығы Ресей азаматтығын алып, Ресейден ұшуға талпынған кезде «Сізде ондай ой болған жоқ па?» деген сұрақ қойды. «Қазақстан ғарышкерінің сапары кейінгі қалдырылған кезде де мен әйтеуір бір ұшатыныма сендім. Мен ғарышқа тек Қазақстанның төлқұжатымен ұшқым келді. Мен үшін патриоттық - ол Отаным, отбасым, сүйікті қалам, туған елім. Ғарышқа сапар халқымның еңбегі, мен тек соны жүзеге асырған адаммын», - деді А.Айымбетов.

Соңғы жаңалықтар