Мен ешқайда қашқан жоқпын - ҚР Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы Т.Акуов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы Талғат Акуов баспасөз отырысын өткізді.

Отырыс барысында ол сот орындаушыларының не себепті қыр соңынан қалмай жүргені жайлы баяндады. «Мен ешқайда қашқан жоқпын. Ол кезде мен Қарағандыда ота жасатып жатқан болатынмын. Мен үшін өткен сейсенбі «қара сейсенбі» болды. 12 жылдан бері тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығы жеке тұлғалар мен бизнес құрылымдар арасында кепіл болып келеді. Бұған дейін мұндай мәселе туындамаған болатын. Кан деген азамат қарызын қайтармағандығы жөнінде жалған айтады», - деді Талғат Акуов. Оның айтуынша, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығы Каннан ұйымды дамыту мақсатында 5 жылдық мерзімге қарыз алған. Алайда, ол қарызын мерзімінен бұрын талап еткендіктен, ұйым оны төлей алмаған. Сол себепті, қазір ұйым сот шешіміне сәйкес 46 574 432 теңге көлемінде қаржыны қайтарып отыр. 30 айда аталған соманың 50 пайызы, нақтырақ айтқанда 24 833 000 теңге қайтарылды. «Ұйым қарызды ай сайын төлеп отыр. Неліктен Канның ол соманы алмағаны маған белгісіз», - деді Т.Акуов. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір апта бұрын ҚР Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы Талғат Акуовқа іздеу жарияланған еді. Бұл туралы Алматы қалалық сот актілерін орындау департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған болатын. Мәлім болғандай, өткен жылы жеке кәсіпкер Николай Кан Әуезов аудандық сотына аталмыш ұйымның 23 287 211 теңге көлеміндегі қарызын қайтармағаны туралы шағым түсірген. 2013 жылдың тамыз айында №2 Әуезов аудандық соты кәсіпкердің арызын қанағаттандырған болатын. Сот орындаушылары жүргізген жұмыс нәтижесінде оның көрсетілген мекенжай бойынша тұрмайтыны анықталып, ұйымның басшысы Талғат Акуовқа іздеу жарияланған еді.

Соңғы жаңалықтар