Мен де адам баласымын, Құдайдан қорқамын – Бақытжан Сағынтаев қисайған үй туралы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесуде Зерделі шағын ауданының тұрғыны қисайған үйдің тағдыры жайлы сұрақ қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізбен кездесуде қисайған үйді түзетіп береміз деп айтылған болатын. 6 жыл бұрын ғимаратты салған бақылаушы, құрылыс компаниясы органдары неге нашар жұмыс істеген? Біздің тағдырымыз не болады?» - деді қала тұрғыны.

Қала әкімі сауал қойған тұрғынға жанайқайын түсінетінін жеткізді.

«Өздеріңізбен кездесуде сіздер сұрақ қойған болатынсыздар. Осы үйді бірқалыпқа келтірген соң, қайта қисайып құламай ма, оған кепілдік бересіз бе деп сұраған едіңіздер. Мен де адамның баласымын, Құдайдан қорқамын. Мен де ешкімнің наласына қалғым келмейді. Негізгі мәселе «үйді түзеттік, ал кіре қойыңдар, проблеманың шешімі табылды, енді сіздерді танымаймыз» дегенде емес. Көп шаралар атқарылды. Институттан мамандар шақырылды. Неден болғанын қарады. Есебін қалай орнына келтіруге болатынын шығарды. Орнына келтіретін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, сәуір-мамыр арасында бұл жұмыстар бітеді. Біз мамандардың, толық тәуелсіз сарапшылардың қорытындысын күтеміз. Олардың айтуынша, үйдің жағдайы бірқалыпты. Үйдің құнына байланысты әртүрлі ұсыныстар келіп жатыр. Ол жерді жалға алып отырғандар да бар, ипотекаға алып отырғандар да бар. Жақында өздеріңізді жинап шешімін айтамыз», - деді қала әкімі.

Алматыда қисайған үйге қатысты зерттеу қорытындылары шықты.

Мамандардың пікірінше, қисайған үйдің барлық проблемалары түпкілікті шешілгеніне көз жеткізгенге, яғни үш айға дейін созылуы мүмкін. Сонымен қатар, Зерделі ықшам ауданындағы барлық 32 үй бойынша зерттеу жүргізіліп, ҚазҒЗИ-дің ұсынымдары шықпақ.

Қазіргі уақытта барлық тұрғындар қала әкімшілігі есебінен жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Адамдарға балаларын балабақшалар мен басқа да білім беру мекемелеріне орналастыруға көмек көрсетілуде.

Айта кетейік, Алматыда қала әкімінің есеп беру кездесуі өтіп жатыр. Оған 3200 адам жиналды.



Соңғы жаңалықтар