Меморгандарға лауазымды тұлғаларға қатысты айыптау үкімдеріне мониторинг жүргізу міндеттелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік органдарға лауазымды тұлғаларға қатысты айыптау үкімдеріне мониторинг жүргізу міндеттелді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Ерлан Сапаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, қазіргі таңда Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жоғарғы Сот, Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп тиісті іс-қимыл алгоритмін әзірледі.

«Аталған алгоритмге сәйкес, мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері тиісті лауазымды тұлғаларға қатысты тоқтатылған қылмыстық істердің заңды күшіне енген айыптау үкімдеріне мониторинг жүргізуге міндетті», - деді Ерлан Сапаров.

Агенттік мәліметінше, бүгінде мемлекеттік органдар өзара іс-қимылдың осы тәртібіне сәйкес жұмыс істеп жатыр. Ал бұл мәселе бойынша жұмысты үйлестіру Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктелген.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында сыбайлас жемқорлықты жою бойынша жаңа тәсілдерді атап өткен болатын. Оның ішінде Мемлекет басшысы бағынышты қызметкерлер жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін саяси мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін заңды түрде бекітуді тапсырған еді. Президент тапсырмалары негізінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді.


Соңғы жаңалықтар