Меморгандардың сайттарын бір порталға қалай біріктіреді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ұлттық ақпараттық теxнологиялар» АҚ мемлекеттік органдардың сайттарын бір порталға біріктіру шараларын қолға алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компанияның басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың айтуынша, бүгінде сан алуан меморгандардың 296 сайты жұмыс істейді. Олардың ішінде орталық және жергілікті атқарушы органдар бар.

«Басқармалар, комитеттер және тағы басқа органдардың сайттарында сан алуан ақпарат жарияланады. Ал ол сайттардың бәрін ұстап тұруға бюджеттен қыруар қаржы бөлініп тұрады. Халық болса, өзіне қажетті ақпаратты бөлек-бөлек іздеп жатады. Бүгінде egov - электронды үкімет порталы бар. Біз арнайы платформаны іске қосатын боламыз. Соның негізінде барлық мемлекеттік органдардың сайттары біріктіріледі. Артынан оны egov-қа қосып қоямыз. Сол кезде азаматтар бір сайтқа кіріп, барлық қажетті ақпаратты бір жерден таба алады. Мемлекеттік қызметтен бастап салалық ақпаратқа дейінгі барлық контент болады. Әкімдікке қарасты басқармалардың сайттарына дейін барлығы бір жүйеге қосылады», - деді Ә.Тұрысов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, аталған бастама бойынша тиісті жұмыстар басталып кетті. Бірінші кезеңде төрт министрліктің сайты бір арнаға қосылады. Осының арқасында қызмет көрсетуді жеңілдетіп қана қоймай, бюджеттің біраз қаражатын да үнемдеуге болады.

Айта кетейік, «Ұлттық ақпараттық теxнологиялар» АҚ жеке құжаттардың электронды қоймасын іске қосуды жоспарлап отыр. «Аталған жобаның маңыздылығы неде? Қазіргі кезде біз сан алуан мәліметтерді Gmail-да, яғни шетелде сақтаймыз. Ал Digi Locker өзіміздің электронды қоймамыз іспетті. Онда жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және тағы басқа ресми құжаттарды сақтауға болады», - дейді Ә.Тұрысов. Сондай-ақ, компанияның бірнеше функциясын бәсекелестік ортаға беру жоспарланған. Оның ішінде eGov-тың 1414 байланыс орталығы да бар.

Соңғы жаңалықтар