Меморгандардың БАҚ-пен байланыс орнатуына кедергі жасайтын үш мәселе қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Qazpulse.kz интернет порталының бас редакторы Зарина Қасенова мемлекеттік органдардың БАҚ-қа ашықтығына кедергі келтіретін үш мәселені атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, мемлекеттік органдардың БАҚ-пен қарым-қатынас орнатуында бірқатар проблема бар. Мемлекеттік органның қайсысы болса да, қазір қойған сұрағыңа «сауал хат жолдаңыз» деп жауап береді. Яғни мұндайда арнайы сауал хат жазып, мөр басып, қол қойып, сканерлеуге тура келеді. Бірақ осыған қарамастан сауал хатыңызға жауап келмей қалуы да мүмкін. Мәселен кеше дәл осылай сауал хат әзірлеп, жолдайық десек, Бас прокуратура өз қолыңызбен келіп, мекемеге тапсыруыңыз керек дейді. Пандемия мен ХХІ ғасырдағы цифрландыру дәуірінде мұндай шарттың өзі түсініксіз. Әрине, істің мұндай реті жұмысты едәуір тежеп, ашықтық пен ақпараттың жылдамдығы шетке ысырылады», - деп ой бөлісті Зарина Қасенова Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Facebook парақшасындағы «Мемлекеттік органдардың БАҚ-қа ашықтығы мәселелері» тақырыбында өткен онлайн кездесуде.

Оның айтуынша, екінші мәселе – бір жерде оқыс оқиға туындаған кезде мемлекеттік органдардың (немесе компаниялардың) ол жағдайды бірден растауға немесе жоққа шығаруға асықпайтыны. Әлбетте, бірден жауап беретін меморгандар бар. Әйтсе де, көп жағдайда «кейін хабарласамыз» деп уақыт созса, кейде тіпті «сауал хат жолдаңыз» деп із-түзсіз кететіндері де бар.

«Мәселен бір жерді су басып, өрт шарпып жатса, меморгандағы қызметкер мақұлдауды күтіп отырады. Бұл мәселені реттеу керек. Себебі кез келген органның немесе компанияның абыройын көтере алар бір фактор бар десек, ол – белгілі бір оқиғаға бірден жауап беру тәртібі. Үшінші мәселе – қойылған сұрақты басқа органға немесе компанияға ысыру. «Біздің құзіретімізде емес» деген жауаппен жиі бетпе-бет келеміз. Ақыры қойылған бір сауал бірнеше мемлекеттік органды айналып келсе де, ешкім жауап бере қоймайды», - дейді ол.

Зарина Қасенова әйтсе де министрлер мен әкімдердің кейбірі баспасөз хатшыларын таңдауға мұқият мән беретінін айтады. Баспасөз хатшыларының арасында туындаған мәселеге бірден жауап беруге тырысатындары да бар.


Соңғы жаңалықтар