Меморгандар жыл соңына дейін 24 ақпараттық анықтаманы алып тастайды - Асқар Жұмағалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдар жыл соңына дейін 24 ақпараттық анықтаманы алып тастайды. Бұл жайында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әріптесім Ерлан Тұрғымбаевтың азаматтарға таяуда жүргізуші куәлігі мен техпаспортты өзімен бірге алып жүруінің қажеті болмайтыны туралы айтқаны кешегі күннің басты жаңалығы болды. Бұл шын мәнінде, көптен күткен шешім. Мемлекет пен азаматтың өзара цифрлық іс-қимылын жақсартуға жасалған үлкен қадам. Полицейлердің жүргізушілерден бұл құжаттарды талап етпей-ақ, оның бар-жоғын ЖСН арқылы тексеруіне техникалық мүмкіндіктер бар», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Оның атап өтуінше, қазір Сенатта қаралып жатқан «Цифрлық технологиялар туралы» заң жобасы қабылданғаннан кейін, eGov Mobile мобильді қосымшасындағы цифрлық құжаттар толық заңды күшке ие болып, қағаз құжатпен бірдей қолданылады. Яғни, сіз полиция қызметкеріне өз куәлігіңіздің цифрлық нұсқасын смартфоннан көрсете аласыз.

«Әзірге мобильдік қосымшада 4 түрлі құжаттың цифрлық нұсқасы бар: жеке куәлік, баланың туу туралы куәлігі, неке қию және бұзу, атын, тегін, әкесінің атын ауыстыру туралы. Біз мемлекеттік органдарға қосымшада сондай-ақ, студенттік куәлік, әскери билет, мүгедектік туралы куәлік, жылжымайтын мүліктің техникалық паспорты және тағы басқалары болуы үшін қажетті интеграцияны жүргізуді ұсындық. Бұл құжаттардың мобильдік қосымшада цифрлық нұсқаларының болуы азамат үшін өте ыңғайлы болар еді деп ойлаймын», - деді ол.

Сонымен қатар, министр мемлекеттік органдардың азаматтан талап етпей, өздері ала алатын анықтамалардан бас тартуы жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.

«Жоспар бойынша, мемлекеттік органдар жыл соңына дейін 24 ақпараттық анықтаманы алып тастауға уәде берді. Ол үшін олар өз интеграциясын аяқтауы, сондай-ақ өз регламенттері мен НҚА-ны өзгертуі тиіс. Өмірімізге қажетті қағаз құжаттар санының азаятыны қуантады. Тағы қандай құжаттарды цифрлау қажет деп ойлайсыз?», - деді Асқар Жұмағалиев.


Соңғы жаңалықтар