Меморгандар арасында «Депутаттық сауал» атты чат іске қосылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік органдар арасында «Депутаттық сауал» атты жалпы чат іске қосылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Парламентімен тиімді қарым-қатынас жасау Үкіметтің заң шығару қызметінің маңызды бөлігі болып табылады. Депутаттық сауалдарда көтерілетін мәселелердің өзектілігін ескере отырып, оларды сапалы қарастыру мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында. Премьер-Министр қол қойғанға дейін тиісті вице-премьерлердің жауаптарды тікелей мақұлдау тәжірибесі енгізілді. Сондай-ақ депутаттық сауалдарға жедел жауап беру мақсатында мемлекеттік органдар арасында «Депутаттық сауал» атты жалпы чат іске қосылды», - деді Әлихан Смайылов жауабында.

Оның атап өтуінше, Үкіметтің құрамына кіретін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына мұқият пысықталған, толық жауап дайындау мәселесін бақылауда ұстау тапсырылды.

«Сондай-ақ мемлекеттік органдарға сауалдардың бастамашыларымен қарым-қатынас орнату және көтерілген мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсыну, қажет болған жағдайда бірлесіп талқылау жөнінде тапсырма берілді», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар