Мемлекеттің мықты болуы - ұлт рухының биіктігіне байланысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жақында онлайн форматта «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл съездің бұрынғылардан өзгерек және алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді іске асыру үшін маңызы зор екенін айтты. Расымен, пандемия кезінде ұйымдастырылып отырған осы жиын егемен еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуы тұрғысынан ерекше мәнге ие.

Съезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Президент атап өткендей, бұл – жан-жақты пысықталған, барлық талап-тілектер ескерілген нақты құжат. Онда алдағы уақытта іске асыратын негізгі басымдықтар айқын көрсетілген.⠀Олар: әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндік беру, интеллектуалды ұлт қалыптастыру, өңірлердің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету, халық үніне құлақ асатын, есеп беретін мемлекет және азаматтардың жауапкершілігін арттыру. Президентіміз айтқандай, бағдарлама елдің әлеуметтік ілгерілеуіне және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған нақты шаралар кешенін ұсынады. Оларды іске асыру үшін 21 триллион теңге бөлінетін болды. Бұл қаражат мемлекет тарапынан халықтың барлық тобына бірдей қолдау көрсетуге жұмсалады. Осы орайда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлымен сұхбаттасқан едік.

- Мұрат Бақтиярұлы, Сенатта депутат болдыңыз, қазір комитет Төрағасысыз, Қызылордада әкім орынбасары болып, өңірдің көркеюіне басшылық жасадыңыз, Қазақ Мемлекеттік заң университеті, Қызылорда филиалының директоры болдыңыз. Ұзақ жылдар жастармен жұмыс істеп, жол сілтедіңіз. Ел тарихын ұлықтаудағы елеулі еңбектеріңіз көпке мәлім. Мәдениет пен өнер саласында іргелі ел көңілінен шыққан шаралар ұйымдастырып орнықтырдыңыз. Қазір «халық үніне құлақ асатын мемлекет» негізінде, ел тілегі мен ниетін айтып, қоғаммен ашық сұхбат өткізудің өнегелі жолын көрсетіп келесіз. Азамат ретінде ел алдындағы парыз бен қарызыңызды толық өтеп жүрмін деп өзіңізге есеп бере аласыз ба?

- Әр адамның Құдайы - өзінің ары. Сондықтан да ар адамилықтың ең жоғары өлшемі. 15-16 ғасырларда Қазақ хандығының астанасы, көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған Сығанақ қаласы менің туған жерімнен алпыс шақырымдай жерде орналасқан. Жаңақорған ауданы Сунақ Ата ауылының жанында шөгіліп жатқан қорғандар орта ғасырларда мемлекетіміздің саяси ордасы мен өркениет, сауда орталығы болғанын жас ұрпақ біле бермейді. Бала кезімде тарихи кітаптарға құмар болғандықтан ба, кейін мамандық таңдағанда тарихшы болуды маңдайымызға бұйырыпты. Қазақстанның орта ғасырлар тарихы студент кезімізде советтік идеологияның шеңберінен шыға алмай таптық тұрғыда оқытылғанына қарамастан сол дәуірден лекция оқыған КазГУ - дің профессорлары С. Жолдасбаев, М. Елеуов аса білімді, өз саласының білікті мамандары болды. Сол кезде Сығанақ, Отырар, Сауран, Жанкент қалалары туралы көп мәлімет алдық.

Өкінішке қарай орта ғасырлық қалалар көптеген себептерге байланысты біздің дәуірімізге құлаған үйінді төбелер, жартылай қорғандар күйінде жетті. Археологиялық қазба жұмыстар да көп уақытқа дейін жүйелі түрде жүргізілмей, табылған дүниелер талан-таражға ұшырады. Кеш болса да Үкімет енді қолға алып, арнайы заң қабылдап бұл салада тәртіп орнатуға талпыныс жасауда. Бұл аз. Жалпы біз тарихи қалаларымызды біртіндеп орта ғасырлық кейпіне келтіруді бастауымыз керек. Мұны мәдениетке жауапты министрдің құлағына салғанмын. Бұл біріншіден, туризмді дамытуға кең жол ашады. Екіншіден, тарихи фильмдерімізді қыруар қаржы бөліп сырт мемлекеттерде емес, өзімізде, осы қалпына келтірілген қалаларда түсіруге мүмкіндік береді. Үшіншіден, бабаларымыздың қалдырған мұралары, жас ұрпақтың бойына өзінің тарихына, мемлекетіне деген сүйіспеншілік сезімін нығайтады. Қалпына келтіру жұмыстарын Халықаралық Батыс Европа- Батыс Қытай жолының бойында орналасқан Сығанақ қаласынан бастау керек. Өйткені, жазық жер, елді мекендер, су жанында бар. Осыдан үш жыл бұрын Жаңақорған ауданының атын Сығанақ деп өзгерту, ал аудан орталығын Жаңақорған атауымен қалдыра берейік деген пікірімді көпшіліктің назарына ұсынғанмын. Бұл ұсынысқа алуан түрлі пікірлер айтылды. Дегенмен, кезінде қазақ халқын ұйыстырып, мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылдаған, 120 жылдан астам хандардың ордасы болған Сығанақ қаласы бір ауданның атын иемдене алмаса тарихымызға жасалған әділетсіздік болар еді деп ойлаймын. Міне қарап отырсаңыз, адам болып жаратылған соң бұл фәниде атқарар шаруа ешқашан толастамақ емес.

Бұрынғыны көксей берген елде бүгінгі өмірге үйлесе алмаушылық болады. Баяғының құрметтісін құрметтей алмаған елдің болашағы бұлыңғыр. Демек көксеу мен құрмет екі бөлек түсінік. Осы тарапта маған тағдырым артқан жауапкершілікті парызым ретінде орындауды ел алдындағы борышым санаймын. Ұлтқа қызмет ең абыройлы да қасиетті іс.

Мемлекеттің мықты болуы - сол мемлекет құрушы ұлт рухының биіктігіне байланысты. Мемлекет ұлтты қалыптастырмайды, қайта ұлт мемлекетті қалыптастырады.

- Сізге қатысты қоғамдық көзқарас үлкен теңіздің толқынындай. Қай қызметте жүрсеңіз де креативті әрекеттеріңізбен есте қаласыз. Қай қызмет тізгінін алсаңыз да мүлгіп кеткен санаға тосыннан өз пікірлеріңізбен келіп асау толқындардай сілкініс жасайсыз. Мұндай болмағанда Бақтиярұлы өз кезінде әкім де министр де болар еді дейді замандастарыңыз. Өкінбейсіз бе, жұрт секілді тыныш жүрмей, мазасыз сауалдармен жоғары жақты мазалай бергеніңізге?

- Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде Үкімет пен Парламентті сынауда құлақ естіп, көз көрмеген неше түрлі ғайбат сөздер мен қарғыстардан көз сүрінеді. Сөз жоқ, әрбір қоғамның саяси мәдениеті болады. Мәдениетті қалыптастыру тек мемлекеттің ғана емес, барлық тұлға қалыптастырушы институттардың (балабақша, мектеп, ЖОО , ұжымдар, отбасы т. б. ) міндеті. Саясатта дәлелденген аксиома бар, ол қоғамның ең басты көрсеткіші —халықтың барлық топтарын қанағаттандыратын әлеуметтік әділеттілік жасай алған қоғамның саяси мәдениеті де жоғары болатындығы. Толассыз сыни пікірлер мен билікті айыптаушылардың көбеюі, қоғамның материалдық және рухани тұрғыда жіктеле түсуі, біз құрған қоғамның әділеттіліктен әлі алыс екенін көрсетеді. Әсіресе мемлекет құрушы Ұлттың ғасырлар бойыотаршылар тарапынан аяққа тапталып келген тілі, рухы , діні күнкөрісі тәуелсіздік алғаннан кейін қалпына келеді деген сенімдеріне селкеу түсті. Соңғы отыз жылға жуық қоғамның барлық саласын өзгертуге жасалған үздіксіз реформалар қалың бұқараның үмітін ақтай алды ма? Әлде оның жемісін бүгінгі қоғамдық пікірде көп айтылып жүргендей, қолы ұзын азғантай топ қана көрді ме? Жалпақ әлеуметтің қолы неге жетпеді? Тұрмыс тапшылығын тартып отырғандардың көңілдерін қалай көншітеміз? Бұл барлығымызды толғантып жүрген әлеуметтік аңсарлар. Президентіміз үнемі айтып жүрген әділетті қоғам құрудағы Үкімет пен Парламенттің моральдік, тарихи және құқықтық жауапкершілігі өте жоғары екені даусыз. Сондықтан да атымызға айтылып жатқан сын пікірлер орынды деп есептеймін. Бірақ бүкіл Парламентке лағнет айту, жеке бастың ар- намысына тиіп, оны қарғыс сөздермен балағаттау шектен шығушылық , мәдениетсіздік деп білемін. Парламентте де, Үкіметте де мемлекетшіл, өз қызметін адал атқарып жүрген ары таза азаматтар баршылық.Қандай лауазым иесіне болмасын, оның жеке арына тіл тигізбей, орынды жерде сын айту, жіберген кемшіліктерді сынай отырып, оны түзетудің баламалық жолдарын көрсету арқылы пікір білдіру мәдениеті түбі қалыптасар. Барымызды бағалап, жоғымызды өркениетті жолмен іздеп таба білейік дегім келеді.

Осы тұста көпті көрген азамат ретінде мына алай да түлей пандемия кезінде іні – қарындастарыма алдымен аманшылық тілеймін. Ғұмырың болса бұйырған дүние ешқайда қашпайды. Сондай бір сәтте былай деген едім...

...Аманжол айналайын құлақ салғайсың. Әркімнің бақ - талайы — өзінен. Өмір — арман. Арманы жоқ адам нағыз адам бола алмайды. Өмір — сабақ. Сондықтан да өміріңде ешкімге бас иіп, қадіріңді түсірме.Сәтсіздігің үшін ешкімді кінәлама, ешбір жанның алдында жарамсақтанып ақталма. Ешкімге тәуелді болмауға тырыс. Астамшылдықтан аулақ жүр. Сөйлеушіден тыңдаушы бағалы екенін үнемі есте ұста. Өмірде кездесетін өз қиыншылығыңды өзің жеңуге үйрен. Сонда ғана сен нағыз АЗАМАТ боласың.

- Бізде рухани элита болмай келешегіміз бұлыңғыр! Егеменді ел болғалы 30 жыл бойы қалыптасқан «ыңғайлы көпшіліктің» қасаң тартқан санасын өзгертіп, қоғамды жаңғыртып, қашан рухани элита жасаймыз? Сананың ең жоғарғы деңгейіне алып шығатын жаңа білім мен рухани элита болуы керек. Шындық рухани элитада. Осының жолдарын іздеу, инвестиция салу керек. Осындай көзқарас бар. Осыған не дейсіз?

- Мемлекет басшысы халыққа арналған дәстүрлі жолдауын жариялайды. Қоғамда қордаланған, шешімін таппай келе жатқан мәселелер баршылық. Ең бастылары: биліктің жоғары эшалонынан бастап ең төменгі буынына дейін шырмауықтай шырмап алған жемқорлықтан тазарта алмаушылыққа байланысты мемлекеттің миллардтаған қаржысының талан-таражға ұшырауы, байлар мен кедейлердің мүлік теңсіздіктерінің онан сайын алшақтап, нәтижесінде қоғамда кедейлену процесінің күшейе түсуі, басқару жүйесінде децентрилизация принципінен орталыққа барынша шоғырландыру сипатының күшеюі, Жергілікті өзін өзі басқарудың формализмге ұшырауы, әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан реформалардағы жүйесіздік және жауапкершіліктің жетіспеуі, қоғамдық қатынастарды демократияландырудың әлі де болса баяу жүргізілуі, жұмыссыздықтың жаппай етек алуы, күнкөріс деңгейінің төмен болуы, азық- түлік және халық тұтынатын тауарлар бағасының қымбаттай түсуі.

Президент жолдауында осы және басқа да мәселелер айтылып ғана қоймай, оны шешудің нақты тетіктері жасалады деп ойлаймын. Қазір қоғамда жоғарыдағылар бұрынғысынша басқара алмайтын, төмендегілер ескіше тұра алмайтын ахуал қалыптасуда. Оны шешудің ең тиімді жолы - көпшіліктің көңілінен шығатын, қоғамның барлық саласына қатысты жүйелі, әділетті реформалық жол және заңның диктатурасы. Біз халықтың соңғы кездері билікке деген жоғалта бастаған сенімін қайтару арқылы биліктің лигитимдігін, мемлекетіміздің тұрақтылығын, тәуелсіздігіміздің беріктігін нығайта түсетін боламыз.

Демек, көп мәселе өзіңіз айтып отырған қоғамды жаңғыртуға шынымен бел бұған алдынғы қатарда жүрген рухани элитамызға да қатысты. Осы орайда өзім көрген, күнде көріп жүрген жәйттен мысал келтірейін.

Талай жылдар жырға айналған Қызылорда қаласының жаңадан салынатын аэропортына қатысты пікірім. Тыңдап көріңіз. Маған жұмыс бабымен сол өңірге көбірек ұшуға тура келеді. Қызылорда аэропорты жылына небары 80-90 мың жолаушыға қызмет көрсетеді. Еліміздің ары кеткенде үш қаласына ғана әуе рейстері қатынайтын аэропортқа миллиардтаған қаржыға жаңа терминал салу керек деген әңгіменің қандай қажеттілігі бар еді? Кезінде Қызылорда қаласының әкімі болған Қожахмет Баймахановқа үлкен рахмет айтуымыз керек. Қаржының жоқ кезінде жоқтан бар жасап, жиырма жылға жуық халыққа қызмет етіп келе жатқан қазіргі терминалды салып берді. Енді азғантай қаражатпен осы терминалды күрделі жөндеуден өткізіп, қызмет көрсету сапасын қазіргі талаптарға сай етіп жасап алсақ, осы терминал жолаушыларға әлі жиырма жыл қызмет жасайтын болады. Көрпеге қарап көсілгеніміз дұрыс болады. Бұл мысалдан көп дүниені аңғаруға болады деп ойлаймын. Қазақ қоғамының өркендеп дамуы үшін айтатын дұрыс ойың жоқ болса, үндемей қалғаның жақсы. Өйткені үндемей қалғанның өзі кейде үлкен сөз айтқанмен бірдей.

Қоғамдағы болып жатқан құбылыстарды жан- жақты талдаудан гөрі бар пәлені өзгерістерге жабуға тырысатын бір- бірімізге деген табашылдық басым. Жағадан алып, жармаса кететін әупірім жаңашылдық пен тірсектен шалып бағатын тәсілқой ескішілдік тайталасы ұлтымыздың сорына айналмаса екен деген ой күндіз – түні мені мазалайды.

- Тіл жойылса, ұлт та жойылады. Тіліміздің көкжиегін кеңейту баршамыздың міндетіміз! Мұрат Бақтиярұлы, Сенатор ретінде осы тұрғыдағы ойларыңызды ортаға салсаңыз. Оқырмандарымыздың бір тілегі, міне басталып отырған Мәжіліс және Маслихат депутаттарының сайлауы туралы да орайы келіп тұрғанда айтып өтсеңіз..

- Парламент - Конституция бойынша биліктің үлкен тармағы, яғни заңдар қабылдайтын мемлекеттік орган. Өкінішке орай, осы кезге дейін елімізде тек екі заң ғана мемлекеттік тілде, қалғандардың барлығы ресми тілде жазылған. Әлемді былай қойып, бұрынғы Кеңестер Одағы мемлекеттерінің ішінде көлемі жапырақтай Балтық жағалауы, Кавказ, көрші Орта Азия елдері соңғы отыз жылдан бері заңдарын өз тілдерінде жазып, қажет болса орыс тіліне аударады. Біз ресми тілде жазамыз, сосын қазақ тіліне аударамыз. Айтарға сөз жоқ. Ұлттық намыс, Ұят деген ұғымдар тәуелсіз ел болғанымызға отыз жылдай болса да отаршылдық сананың қатпарында әлі ұйықтап жатыр. Ұлтымыздың зиялы қауымы да, Парламентте бізге дейінгі депутаттар да, біз де осы мәселені шырылдап айтқанымызбен баяғы жартас бір жартас болып қалуда. Ұлттың — ҰЛТ екенін айқындайтын ең негізгі белгісі оның тілі. Ойланып көрейікші, мемлекеттің тілі - сол қоғамның барлық саласында толыққанды қолданылмаса оны қандай ұлтқа жатқызамыз?

Бір нәрсе ақиқат, біздің барлық билік тармақтары мен заңдарымыз мемлекеттің атын иемденген ұлт тілінде сөйлейтіндей ЗАҢ қабылдамайынша, ширек ғасырдан бері тіл туралы айтылып келе жатқан үгіт-насихат жұмысының нәтижесі мардымсыз болып қала береді. Саяси шешім қабылдайтын уақыт әлдеқашан келді...

Орыс тілі мемлекеттің барлық саласында функционалдық тұрғыда үстемдіккке ие. Шешім шығарушы жоғары эшалон, саяси элита өкілдерінің көбі орыстілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс», – деген болатын. Бұл қазақ тіліне деген қажеттілікті жасау жолындағы дұрыс қадам.

«Алдағы уақытта сарапшылардың пікірінше, халқымыздың саны 19 миллионға, ал мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың үлесі кемінде 78 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұйыртса, айналасы отыз жылдың ішінде қазақтардың ел халқындағы үлес салмағы 1991 жылғы 39 пайыздан екі есе артқалы отыр. Ендігі кезекте ұлтаралық келісімді сақтай отыра тіл және басқа да ұлттық мәселелерді қоғамда айқынырақ айтуға негіз бар деп есептейміз».

Тұлпардан есек озған, ақылдыдан есер озған, шын сөзден өсек озған заман болып тұр ғой...

Қандай деңгейдегі сайлаулар болсын, ол қоғамда дау-дамай, қайшылық туғызу үшін емес, керісінше сол қайшылықтардың алдын алып, ұлтты ұйыстыруға , сол арқылы халықтың тұрмысын, әлеуетін жақсарту үшін өткізілуі керек. Парламент тек заң шығарушы орган емес, өткір ойларымен, шешен тілімен елге үлгі болатын, ой салатын алаң. Онда саяси сауатты, адами қасиеті жоғары, өз өңірінде, қоғамда үлкен ықпалы бар, өз салаларының білікті мамандары, өз ойларын ашық жеткізе алатын тұлғалар болу керек. Саяси монополия билік үшін сан жағынан ұтысты болғанымен, сапа, моральдық жағынан ұтылыс. Саяси бәсекелестік елдің дамуы, болашағы туралы балама бағдарламалар тудырады. Жасырын, астыртын тәсілдердің үлесі азаяды. Белсенді, білікті жаңа тұлғалы азаматтарды анықтайды.

Айналып келгенде бәріміздің оралатын алтын ордамыз ол – ұлттық кодымыз. Ол туралы таңнан кешке дейін тоқтамай айтуға болады. Бір сәттен – бір мезеттік мөлтек сырыммен бөлісейін.

Қазақтың қараүйі мен үшін ерекше ыстық. Өйткені орта мектеп бітіргенше жаз айларындағы бүкіл балалық шағымыз осы шаңырақтың ішінде өтті. Әсіресе түнде ұйықтар алдында шалқамыздан жатып, шаңырақтан ашық аспандағы жұлдыздарды санап, сол жұлдыздарды өзімізше меншіктеп алатынбыз. Сол жұлдыздар бізді алдағы армандарға жетелейтін. Бәріміз де ұшқыш, ғарышкер болуды қиялдайтынбыз. Сол арман, қиял қасиетіңнен айналайын бір ғана шаңырақ —ғылым докторы мен ғылым кандидаты, лауазымды мемлекеттік қызметкер, полковник сияқты ел азаматтарын тәрбиеледі.


Соңғы жаңалықтар