Мемлекеттің коронавируспен күрес шаралары халық жауапкершілігімен ұштасуы қажет – Сарапшы пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет тарапынан жасалған коронавируспен күрес шаралары халықтың жауапкершілігімен ұштасуы қажет. Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі пандемияға байланысты орын алған күрделі эпидемиологиялық жағдайға орай халыққа үндеу жариялады. Бұл жалпы әлем бойынша коронавирус тарауының бәсеңдемей отыруына да тікелей байланысты қалыптасқан үрдіс. Мамандардың болжауынша жаһандық індетке айналған Covid-19 шарықтау шегіне әлі жеткен жоқ. Кейбір елдерде қайта өршу орын алып отыр. Соңғы статистикаға жүгінсек, әлем бойынша вирусқа шалдыққандар саны 12 млн адамға жетіп, қайтыс болғандар саны 540 мыңнан асты», - дейді сарапшы.

Қазақстанда да коронавирус бойынша статистика күннен күнге ұлғайып, қоғамның және халықтың зор алаңдаушылығын тудырып отыр. Әр отбасында осы індет салдарынан қайғыға душар болып, жақындарынан айырылу фактілері тіркелуде. Осы орайда Мемлекет Басшысының шешімімен 13 шілде – Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

«Бұл өте орынды шешім деп қабылдаймыз. Қаза болғандардың ішінде елімізге еңбегі сіңген қайраткерлер, асыл азаматтарымыз да бар. Солардың есімін тізіп, жадымызда мәңгі ұстайық деген қоғамдық ұсыныстар да құптарлық. Еліміздегі Covid-19 індетімен күресу шаралары барысында жіберілген кемшіліктердің болғанын, одан тиісті қорытындылар шығарылатынын Президент жасырмай, алапат індетпен күрестің жалғаса беретінін нық сеніммен айтты. Мемлекет тарапынан жасалған індетпен күрес шаралары халықтың асқан жауапкершілігімен ұштасуы қажет екенін соңғы айлардағы тәжірибе анық аңғартып отыр. Жағдайдың ушығуына себеп болған тек тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жіберілген қателіктер ғана емес, халық тарапынан бұл мәселеге немқұрайлы қарап, билікке деген сенімсіздік білдіруінің салдары. Оған қоса ұлттық менталитетке тән ұжымдық психология, туған-туысының қуанышы мен қайғысына міндетті түрде ортақтасу дәл осы жағдайда елімізге кері әсерін беріп отыр», - деді ҚСЗИ өкілі.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тікелей бақылауымен жағдайды тұрақтандыру, дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз ету, жедел медициналық көмек беру, қосымша ауруханаларда орындар дайындау сияқты түрлі шаралар қарқынмен жүргізілуде.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында беріліп жатқан халыққа түсіндіру жұмыстары да тиісті деңгейде. Дегенмен бұл індетпен күресу әр адамның жеке жауапкершілігіне, жақындарына, айналасындағыларға қамқорлығына, елдің қайғысынан пайда көру үшін емес, керісінше алғысын алуға ұмтылуына тікелей байланысты», - деді Әсел Назарбаетова.


Соңғы жаңалықтар