Мемлекеттің қолдауы арқасында «Жайық-Ет» ет өңдеу кешені» өнім түрлерін көбейтіп келеді - Т.Ескендіров, БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекеттің қолдауы арқасында «Жайық-Ет» ет өңдеу кешені» ЖШС өндіріс орнын кеңейтіп, өнім түрлерін көбейтіп келеді. Бұл туралы кәсіпорын басшысы Темірғали Ескендіров мәлім етті.

Оның айтуынша, бұған кешегі ұлттық телекөпір кезінде жаңадан ауысымына 20 тонна өнім өндіретін «Агропродукт Ltd» шұжық фабрикасының ашылуы толық дәлел бола алады. Құны 350 млн. теңгеге бағаланған бұл жобаға сәйкес жылына 4500 тонна өнім өндіріледі. Жұмысшылар саны - 48 адам.

Шұжық фабрикасы 2013 жылдың басында индустрияландыру картасына енгізілген болатын. Еуропалық талаптарға сәйкес келетін жобаны жасауға жергілікті, сондай-ақ шетелдік мамандар да қатысты. Жоба мердігері ретінде осы салада тәжірибесі бар компания таңдалып алынды. Hantmann, LasKalo, Pek Mont сынды Еуропадағы белгілі зауыттардан жеткізілген жабдықтарды сол кәсіпорындардың мамандары орнатып, байқаудан өткізіп берді. Коммуникациялар да қазіргі заманғы технология негізінде орнатылды.

Қазіргі таңда кәсіпорынның Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласында өкілдіктері жұмыс жасайды, оларда «Жайық-Ет» ет өңдеу кешені» өнімдеріне деген сұраныс та өсіп келеді. Жаңа шұжық фабрикасының ашылуы Ресейдің көршілес аймақтарына да өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Жайық-Ет» ет өңдеу кешені» ЖШС 2002 жылы бұрынғы Орал ет комбинаты негізінде ашылған кезде небәрі шұжықтың екі-ақ түрін өндіретін. Уақыт өте келе жаңа технологияларды енгізу арқылы елудей шұжық, ет және қалбыр өнімдерін өндіруге қол жеткізілді.

«Елбасымыз кәсіпкерлерді үнемі қолдап келеді. Биылғы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге Ұлттық қордан қаржы бөлінетіні айтылғаны мәлім. Ендеше, біз де осындай жобаларымызды жүзеге асырып, Елбасы тапсырмасына іспен жауап беруіміз керек», деді Т.Ескендіров.

Соңғы жаңалықтар