Мемлекеттің қоғамдық кеңестерге қатысуы барынша азайды – министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықтың қоғамдық кеңестер қызметіне сенімін арттыру шаралары қабылданады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаровтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықтың қоғамдық кеңестер қызметіне деген сенімін арттыру мақсатында қазіргі уақытта министрлік олардың қызметін жақсарту бойынша қажетті шаралар қабылдауда. Қоғамдық кеңестердің екінші құрамының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты министрлік қоғамдық кеңестердің сапалық құрамын орталық деңгейде де, өңірлік деңгейде де қайта қарау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде», - деп атап өтеді министр.

Оның атап өтуінше, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың 2022 жылғы 27 қаңтардағы қоғамдық кеңестер құрамын сапалы жаңарту туралы хаттамалық тапсырмасын орындау үшін орталық мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына сындарлы оппозиция өкілдерін, ҮЕҰ-ны, азаматтық белсенділерді, журналистерді, блогерлерді барынша тарту туралы министрліктің ұсынымдары жіберілді.

«Осылайша, жаңартылған құрамдардың мониторингі мемлекеттің бірқатар қоғамдық кеңестерге қатысуы барынша азайғанын көрсетеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының қоғамдық кеңестерінің құрамдары, Павлодар облысының 5 өңірі тек азаматтық қоғамнан тұрады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қоғамдық кеңесінің құрамында мемлекеттік органның қатысуы 8% ғана құрайды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде азаматтық қоғамның арақатынасы мемлекеттің арақатынасынан басым және ол 93% құрады. Қазіргі уақытта жаңадан құрылған қоғамдық кеңестердің сапалық құрамына мұқият мониторинг жүргізу жалғасуда. Оның қорытындысы бойынша кеңестердің жаңа мүшелерін іріктеу процесінде орын алған кемшіліктерді жою үшін өңірлерге министрліктің ұсынымдары жіберіледі», - деді Асқар Умаров.


Соңғы жаңалықтар