Мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуын шектеу кәсіпкерлікті дамытады - Олжас Құдайбергенов

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту кәсіпкерлікті дамыту үшін жасалып жатыр. Мұндай пайымды Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауына қатысты пікір білдірген экономист Олжас Құдайбергенов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуын шектеу - әлемдік тәжірибе. Мемлекет өзі тауарды өндіруден немесе жеке компаниялар көрсете алатын қызметтерді беруден бас тартады. Бұл кәсіпкерлікті дамыту үшін жасалып жатыр. Бізде ішкі ұлттық өнімдегі мемлекеттің үлесі оның үштен бірін құрайды. Ал дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш өте төмен - 5-10 пайыздан аспайды», - деді экномист.

Президент өз Жолдауында шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін ақша жетпей жатқанда, банктерде триллиондаған қаражат экономикаға еш пайдасыз жатқанын мәлімдеп еді. Осы орайда, Олжас Құдайбергенов банктерде жатқан қомақты сомаларды бизнеске бағыттау кәсіпкерлікті қолдау үшін экономикадағы негативті фактордың бірін жоюға ықпал ететінін айтты.

«Негізі бұл мәселе соңғы 15 жыл бойы шешілмей келеді. 2008 жылы болған дағдарыстан кейін банктер несие беруден бас тартады. Депозитке ақша жинап, артық қаржыны ноталарды сатып ала отырып, Ұлттық банкке қайтарып жатыр. Қазір несие портфелі мен ішкі ұлттық өнім көресткіші 20 пайызға жетпейді. Бұл әрине дұрыс емес. Енді бұл ақшаны экономикаға кұйып, оны инвестиция көзі етудің бірнеше әдістері бар. Оны Ұлттық банк біледі. Дегенмен ол инфляция болады деп істегісі келмейді. Инфляция онсыз да болып жатыр. Сондықтан қазір біздің экономика екі фактордан қысым көріп отыр. Соның біреуін шешсек, екіншісін де жүйеге келтіруге болады», - деп пікір білдірді Олжас Құдайбергенов.

Сарапшы Мемлекет басшысы көтерген электр энергиясы бағытындағы «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатына көшу бастамасы жүйелі жүргізілуі тиіс екеніне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның электр станциялары 2009-2015 жылдар аралығында да осындай қағидамен жұмыс істеген. Алайда, ол кезеңде бағдарлама нәтижесіз болған. Салдарынан жаңа жылу электр станциялары іске қосылмаған, қолданыста бары жөндеу көрмеген. Олжас Құдайбергеновтің мәлімдеуінше, ол уақытта бұл салаға бағытталған инвестиция да тиісті деңгейде қадаланғанбаған.


Соңғы жаңалықтар