Мемлекеттілікті мықты қолмен ұстау керек - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының негізгі міндетін белгіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баршамыз жұрт болып жұмылып, осы сынақтан тағы сүрінбей өтеміз деп сенемін. Nur Otan -көш бастап келе жатқан ең ірі саяси ұйым. Партиямыздың халық пен билік арасындағы дәнекерлік рөлі осы тұста айрықша аңғарылады. Біздің мақсатымыз - ел тұрғындарының тұрмысын жақсартып, Қазақстанды одан ары өркендету. Қоғамда татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету - өте маңызды міндет», - деді Н.Назарбаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезінде.

Партия төрағасының айтуынша, бүгінде жер-жаһанда сан алуан оқиғалар болып жатыр. Ғылым мен техника қарқынды дамып келеді. Осындай заманда артта қалмау үшін, басқа елдің шаңын жұтпау үшін бірлік керек.

«Еліміздің мемлекеттілігін мықты қолмен ұстау керек. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Біздің жағдайымызда билікті қолдан шығарып алсақ, елдіктен айырыламыз, Тәуелсіздіктен де жұрдай боламыз. Сондықтан менің ойлайтыным - тұрақтық пен бірлік. Ең дегенде, қазақтың бірлігі, одан кейін көпұлтты халқымыздың бірлігі. Сол себепті біз Президентті сайлаған кезде бәріміз «бастығымыз біреу, бәріміз оған тіреу боламыз» деп сайлаймыз. Сол бірлік үшін жұмыс істейміз», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін Елбасы «Nur Otan» партиясынан ҚР Президенттігіне үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының кандидатын қолдауға қатысты тапсырмалар берді. «Nur Otan» съезі Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бекітті.

Соңғы жаңалықтар