Мемлекеттік-жекешелік серіктестік: Ақмола облысында 50-ден астам жоба жүзеге асырылуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында мемлекеттік-жекешелік серіктестік шеңберінде 50-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Досхан Әміренов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, мемлекеттік-жекешелік серіктестігінің тетігі арқылы жобаларды жүзеге асыру кезінде экономиканың көптеген саласы тасада қалмайды. Дегенмен, ақмолалық кәсіпкерлердің көбі мемлекеттің білім және денсаулық сақтау саласымен әріптестік орнатуды қалайды. Осы күні облыста мемлекеттік-жекешелік серіктестік арқылы жүзеге асырылуы көзделген жобалар тізімі жасалды. Бұған 19,5 миллиард теңгенің 52 жобасы еніп отыр.

«Бүгінгі таңда бұл бағыттағы келісім-шартқа жекеменшік серіктестіктері қол қойды. Сегіз жоба бойынша мемлекеттік міндеттеме қабылданды. Соның ішінде Целиноград ауданының орталығы - Ақмол елді мекенінде 280 орындық бала бақша құрылысын жүргізу, Степногорск қаласына бала бақша салу қарастырылған. Бурабай ауданында денсаулық сақтау нысандарының құрылысын басқару жекеменшік қолына беріледі. Осы аудандағы Оқжетпес ауылында бала бақша ашылады. Сондай-ақ, Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосындағы балабақшаның құрылысы да жекеменшіктің қолға беріледі», - дейді Досхан Әміренов.

Сондай-ақ, басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, мұнда үш 32 пәтерлік тұрғын үй қалпына келтіріледі. Сегіз жоба бойынша конкурс жарияланды. Бұл бағытта тұрақты жұмыс жүргізілуде.

Мемлекеттік жекеменшік серіктестігінің жобаларына кеңес беру мақсатында «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы жанында «Өңірлік мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің орталығы» ЖШС құрылған.

Соңғы жаңалықтар