Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау процесі ашық болады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бюджетаралық қатынастарды одан әрі реформалау жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінде Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша заң жобасы таныстыру кезінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасында бюджетаралық қатынастарды одан әрі реформалау көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында министрлік бюджетаралық қатынастарды одан әрі реформалау жөніндегі жұмысқа кірісті. Реформаның негізгі мақсаты – өңірлердің ауқымды қаржы дербестігін қамтамасыз ете отырып, олардың қаражатты жоспарлау практикасындағы қазіргі кемшіліктерді жою. Салық түсімдерінің кейбір түрлерін жергілікті деңгейге беру қаралады», - деді А. Әбдікәрімов.

Оның айтуынша, мемлекеттің экономикалық функцияларын жеке монополиялық операторлардың жүзеге асыруына заңнамалық тыйым салу жөніндегі тиісті тапсырма ескерілген. Бұл тұрғыда мемлекет 100% қатысатын заңды тұлғалар ғана монополиялық функцияларды жүзеге асыруы бойынша түзетулер ұсынылады.

«Демек, арнайы құқық субъектісі ұғымы нақтыланады. Мемлекеттік монополия мен арнайы құқықты қоспағанда, ерекше және басым құқықтарды беруге тыйым салынады», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру кезінде тәуекелдер мен проблемалар болған жағдайда уақтылы әрекет ету қадамдары ескерілген. Осы орайда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру бойынша есептерді ұсыну тұрғысында жеке серіктестердің міндеттемелерін белгілеу ұсынылып отыр.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру процесінің ашықтығы мен айқындығы қағидатын енгізу ұсынылады. Бұл жобаларды іске асыру кезінде монополияландыруды болдырмау мақсатында оларды міндетті түрде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісу ұсынылады», - деді А. Әбдікәрімов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға енгізілетін түзетулер тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алуды қысқартады.



Соңғы жаңалықтар