Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы мыңға жуық нысан салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы бір мыңға жуық нысан салу жоспарланған. Бұл туралы бүгін Сенат депутаттарымен кездесу барысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"2015-2019 жылдары аралығында шамамен 1,4 трлн теңгеге 564 нысанның келісімшарты жасалды. Оның 555-і жергілікті, ал 9-ы республикалық деңгейдегі нысандар. Сонымен қатар 1,5 трлн теңгеге мыңнан астам нысанның келісімшартын дайындау жүргізіліп жатыр", - деді ол.

Оның айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жүзеге асырылған жобалардың басым бөлігі энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық саласына тиесілі. Сонымен қатар балабақша, мектеп салуда да МЖӘ дұрыс жолға қойылған. Осы ретте ол МЖӘ арқылы салынған жобалардың бірі Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына тоқталып өтті.

"Бұл жолға 20 жыл бойы қызмет көрсетілетін болады. Егер оны бюджет арқылы жүзеге асырғанда 2-3 жылда салып бітетін едік. Ал одан кейін оны күтіп ұстау мәселесі алдымыздан шығар еді", - деді вице-министр.

Руслан Дәленов жергілікті деңгейдегі жобалардың бірі ретінде Алматыда жүзеге асырылған қатты және тұрмыстық қалдықтарды басқарудың кешенді жүйесі жобасын атады. Бұл жобаға да бюджеттен ешқандай қаржы шығындалмайды. Қазіргі уақытта қатты және тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша сұрыптау кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар