Мемлекеттік, ұлттық универсиеттерде оқу ақысы былтырғы деңгейде қалады – Саясат Нұрбек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл мемлекеттік және ұлттық универсиеттерде оқу ақысы былтырғы оқу жылының деңгейінде қалатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақылы оқудың бағасы – көп адамдардың көккейінде жүрген мәселе. Бірнеше жоғары оқу орны, әсіресе, батыс өңірлерде бағаны көтерді. Біріншіден, бұлар – жекеменшік жоғары оқу орындары. Екіншіден, бұған дейін бірнеше жыл оқу бағасын көтеруге мораторий болған. Сол мораторий мерзімінің аяқталуын күтіп-күтіп, қазір біраз көтере бастады. Бірақ біз биыл мәселені түсініп отырмыз. Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық жағдай қиын бір кезеңге тап келіп тұр. Геосаяси мәселелер бар, бағалар көтеріліп келе жатыр. Сондықтан мемлекеттік, ұлттық жоғары оқу орындарында шәкіртақы төлемақылары көтерілмейді», - деді ведомство басшысы.

Министр мемлекеттік жоғары оқуорындарындағы білім алу ақысы ұдайы бақылауда болатынын айтты.

«Оны біздің министрлік бақылауда ұстайтынын нақты айта алам. Бірнеше жекеменшік университетте баға көтерілді. Бірақ мемлекеттік универсиеттерде бағаны биыл көтермейміз. Яғни, былтырғы оқу жылындағы деңгеймен қалады», - деді Саясат Нұрбек.

Еске салсақ, пандемиядан кейін елдегі жоғары оқу орындарының бәрі дәстүрлі білім беру форматына көшіп, оқу ақыларын қайта нақтылаған болатын.



Фото: elorda.info
Соңғы жаңалықтар