Мемлекеттік тудан қап жасап, қоқыс тасыған жүк көлігінің видеосы Алматыда түсірілмеген
2022 жылғы 28 маусым 17:12

Мемлекеттік тудан қап жасап, қоқыс тасыған жүк көлігінің видеосы Алматыда түсірілмеген

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желіде мемлекеттік тудан қапшық жасап, қоқыс тасыған жүк көлігінің видеосы тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видео авторының айтуынша, бұл оқиға Алматының Жетісу ауданындағы Бөкейханов көшесінде сенбілік өтіп жатқан жерде болған.

Яғни, қоқыс шығаруға арналған қапшық орнына еліміздің мемлекеттік туын қолданған.

Осы оқиғаға Жетісу ауданының әкімдігі түсінік берді.

«Видеодағы арнайы техника Алматы қаласы Жетісу ауданының санитарлық тазалығына жауапты мердігер ұйымдардың ешқайсысына тиесілі емес. Сондай-ақ Бөкейханов көшесінде Жетісу ауданының ұйымдары сенбілік өткізбегенін хабарлаймыз. Ұсынылған видеода Нұр - Сұлтан қаласына тиесілі аймақ-01 сериясының мемлекеттік нөмірі көрсетілген»,- деп жауап берді әкімдіктен.

Сонымен қатар, Жетісу ауданы әкімдігі Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінен автокөлігінің кімге тиесілі екенін анықтауды өтінді.

«Өз кезегімізде біз видео авторын жалған ақпарат бергені үшін жауапкершілікке тарту үшін Алматы қаласының полиция департаментіне арыз түсірдік»,- деп атап өтті Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімдігінің өкілдері.

Айта кетейік, қазақстандықтарға 2020 жылға дейін туды тіпті балконға ілуге рұқсат етілмеген еді.

Бірақ артынша қазақстандықтардың заңды қайта қарау керек деген өтінішінен кейін туды қолдану ережелері қайта бекітілді.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT