Мемлекеттік тілдің келешегі мектепте болса, Қазақстанда бәрі керісінше істеліп отыр - Б. Тілеухан

None
None
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеухан мемлекеттік тілге қатысты тағы бір мәрте мәселе көтерді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өз сауалында «Тіл туралы» заңның қабылданғанына 20 жыл болғанын, осы уақыттың 17 жылы тәуелсіздік жылдары аясында өткенін тілге тиек еткен депутат Б. Тілеухан, бүгінгі тіл мәселесіне қатысты нәтижеге халық қалаулыларының назарын тағы бір аударды. «20 жылда жеткен жетістігіміз мынау: Қазақстан Республикасында қазақтың тілін, мемлекеттік тілді білмей-ақ үлкен лауазымдарға қол жеткізуге, саяси ықпал жүргізуге, үлкен материалдық құндылықтарға, материалдық байлықтарға қол жеткізуге болатынын өмір көрсетіп отыр. Өмір шындығы сондай. Ал енді мемлекеттік тілді жетік білгенмен, ресми тіл - орыс тілінде нашар болсаңыз, шорқақ болсаңыз, жұмыстан шығасыз. Маған тура осы мәселе бойынша Астана прокуратурасында жұмыс істеген Жұбатқанов деген азаматтан хат түсті. Сол мемлекеттік тілге жетік болғанымен, орыс тіліне шорқақ болғандығының  кесірінен жұмыстан кеткендігін айтып, зар илеп хат жолдады», деді депутат.

Оның айтуынша, қазір мемлекеттік тілдің қажеттілігіне бұқара сенбейтін болған, өйткені уәде көп, нақты жылжу жоқ. Осы ретте,  қазақ тілінің мәселесі ұлттың тікелей қауіпсіздігіне қатысты дүние екендігін айтқан депутат, тілге қатысты намысымыздың аяқасты болып жатқанына тоқтап, бірқатар мысалдарды да алға тартты. «Енді қазақ тілінің келешегі дейтін мәселеге келсек.  Басқа ұлттарды айтпағанда қазақ ұлтының ата-аналарының басым көпшілігі балаларын орыс мектебіне беріп жатыр. Бұл олардың қазақ тілінің болашағына сенбейтіндігін көрсетеді. Осындай көзқарастарды болдырмау үшін бірыңғай ұлттық тестің қорытындысы бойынша қазақ мектептерінің көрсеткіштерін, олардың нәтижелі жұмыстарын насихаттау керек. Келешек мектепке байланысты болса онда бұл бағытта қыруар шаруалар істелуі тиіс еді. Бізде бәрі керісінше болып отыр. Мәселен,   Астана қаласында, сол жағалауда бірде-бір қазақ мектебі жоқ. 40 пайыз қазақ баласы орыс сыныптарында оқиды. Қазіргі уақытта үнсіз ашылып жатқан орыс мектептерін көруге болады. Қысқартып айтайын, Астанада бір қазақ мектебі ашылса, екі орыс мектебі ашылады. Алматыда да солай. Мысалы, № 54 қазақ мектебі ашылғанда, сол ауданнан № 31, № 5 екі орыс мектебі ашылды. № 56 қазақ мектебі ашылып еді, онымен жарыса № 35, № 60 екі орыс мектебі іске қосылды. Қазақ мектебінде 1 мың 400 бала оқып, екі орыс мектебінде 400-ден және 600-дан бала оқиды. Қазақ және орыс мектептері мұғалімдерінің жүктемелері жер мен көктей, алатын айлығы бірдей. Аралас балабақшаларда, мектептерде қазақ тобында, сыныбында бала көп. Сондықтан қазақтар балаларын орыс тобына, сыныбына береді», деді Б. Тілеухан.

«Дэвид Кристал деген философтың сөзімен аяқтайын: «Тіл жойыларда қостілділік пайда болады. Екі тілді ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақырында жеңімпаз мәдениеттің тілінде сөйлеушілер көбейеді. Ал әлгі жеңіліс тапқан шағын мәдениеттің тілінде сөйлеуден басқа емес, өзінің жас ұрпағы ұяла бастайды. Ана тілінде сөйлеуге қысылатын сол ұрпақ та «жеңімпаз мәдениеттің» аяғына жығылады. Аға-ұрпақ ата-ана қанша әуреленсе де, өз балаларына ана тілін үйретуге шамалары жетпейді. Ең өкініштісі де осында», деді ол.  

Соңғы жаңалықтар