Мемлекеттік тілді заңмен қорғаған айтулы тұлға

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақындағы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік тіл туралы мәселені де алға тартты. Президент еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасала беретінін, айта келе: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн»,- деді.

Белгілі журналист Махат Садықтың айтуынша, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңін жүзеге асыруда гуманитарлық саладағы зиялылар ғана емес, технократ интеллектуалдар атқаратын мінезді қарақеттердің салмағы айтарлықтай болмақ. Оған қоғам және мемлекет қайраткері Өмірбек Жолдасбековтың тілімізді қолдаудағы бір ісі дәлел. Журналист естелігінен.

* * *

…1996 жыл. Жаз. «Хабарда», «Жеті күн» авторымын. Сенбі-жексенбі эфир дайындаймын. Қәзіргідей арнайы топ жоқ. Мен және режиссер. Әр бағдарламаға өткір тақырып іздеймін. Келер аптада Парламент «Тіл туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілмек. Соған өткір сұхбат іздеп, депутаттар кабинетіне телефон шалам. Демалыс күні болса да, қызметке келгені бар шығар деп.

Бұрынғы ректорымыз, сол кезде депутат Өмірбек Жолдасбеков «әлөу» деген. «Жеті күнге» бір интервью берсеңіз, дедім. «Жарты сағатта үлгер», деді. Сұрағымды айттым. Өмірбек аға, Заңды талқылаған комиссияда мүше еместігін, қандай мәселеде сөйлеу керектігін сұрады.


- Телевизияда қазақ тіліндегі хабарлардың тәуліктік жиынтығы 20% болып өтейін деп тұр, соны 30% болу керек деп, айтып берсеңіз дедім.


- Ол қалай, сонда? Бұлай болмайды, біз тәуелсіз елміз, кем дегенде 50% болу керек,- деді.
- Оны өткізбейді ғой, 30% - 35% да, жиырмаға қарағанда жақсы ғой, деген едім.
-Махат, мен Өмірбек Жолдасбеков, уәде беремін! Ертең, Заң қабылдағанда телевизиядағы қазақ тілді бағдарламалар кем дегенде елу процент болады,- деді.

Мен сол сөзді жазып алып, «Жеті күн» эфиріне қойдым.
Үш күннен соң, Парламент отырысында депутат Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбековтың ұсынысы қабылданды. Бір жылдан кейін «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңында осы бап өзгеріссіз қалды. Қәзір де қаз-қалпында. Сол, «Баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарының тiлi» деп аталатын 18-бапты орындату ұзаққа созылды. Ұлтшыл азаматтар Өмірбек ағаның аманатын орындауға біраз жыл аянбай қызмет етті. Соттар болды. Талай тартыстарды көрдік.

Қазір ойласам, сол жексенбіде Алла сәтін салып, Өмірбек аға қызмет кабинетіне келмесе... Мен «Жеті күнге» керім сұхбат іздемесем... Онда сол 50%-ке де жету үшін 10-15 жыл керек болатын еді ғой. Рас, бұл заң бабы бірден орындалған жоқ. Қәзір де жүзеге асқаны шамалы. 2006 – 2007 жылдыры Ақпарат министрлігі коммерциялық телеканалмен Заңның осы нормасын орындату үшін біраз дауласты. Тіптен соттасқан сәттері де есте. Сол іс-әрекеттердің нәтижесінде қазақ тілін коммерциялық телерадиолар түнгі эфирдегі концерттермен толтыруға көшті. Мұны да сол кездегі Министрдің керемет ерлігі деп мадақтадық. Өмірбек Арыстанұлы он жыл бұрын бұл талапты Заңмен бекітіп тастағанын ешкім де еске алмаған. Өмір заңы сондай. Айғайлап шығып, атақ қуған көлдеңен көк дөненді мінгенге, сезімтал сәби сеніммен иланып, құшағымызды айқара ашып шалқамыздан түсеміз...


Осы тұста, қоғамдық пікірдің алғышарттарын қалыптастыратын тележурналист әріптестеріме құлаққағыс жасасам. Біз бен сіздің тағзым етер тау тұлғамыз - Өмірбек Жолдасбеков!
Қалай болғанда да 2010 жылға дейін, жеке меншік коммерциялық телеарналарда гүлдей жайнап, бұлбұлдай сайрап, елге танымал болған қазақ тілді журналисттер Жолдасбековке қарыздар. Өмірбек ағаның дуалы сөзі олардың жұлдызды тағдырын жаңғырты...
Сол 1996 жылы Парламетте, қазір аттары аңызға айналған халқымыздың мақтаныштары, ұлтжанды аға-апаларымыз депутат болды. Электронды БАҚ-тағы қазақ тілін 20%-ке жеткізу, ақиқатында ерлік саналды. Себебі сол кездегі коммерциялық каналдардың қазақшасы 2-3% мөлшерінде ғана, соның дені аударма болатын. 20% ол, телеэфирде қазақшаны он есеге көбейту, яғни 1000% өсіру деген Заң талабы. Ал, Өмірбек Жолдасбеков болса бұл цифрды бірден 3000% көтерем деді. Ұсынысы өтіп жатса,тіптен ол қалай орындалады деп ойлаудың өзі қорқынышты еді. Жеке меншіктегі каналдардың қожайындары мықты, журналистері сен тұр, мен атайын деген сөз мергендер. «КТК» мен «31 канал» журналистері бүгінде де осал емес. Ол жылдары анау-мынауға қарамайтын сөз снайперлері.
Айтпақшы, Заң талқылағанда Парламентке бардым. «Жеті күн» апталық қорытынды бағдарламасында елу процентті Жолдасбеков жауапкершілігіне алды деп жариялап жібергенбіз. Жағдай қалай болар екен деп, мен де мазасызданып отырдым. Заң қаралып жатты. Өмірбек аға сол электронды БАҚ эфирінің тілдік мөлшері деген бапқа жеткенде, бірден қолын көтеріп сөз сұрады. Дайындаған бір бет қағазы бар. Микрофонын қосып, асықпай, жазбасына қарап, әр ой-пікірін сөйлем – cөйлемге бөліп шегелеп айтты. Арасында тоқтап, жан-жағына арыстандай айбаттана қараған. Осылайша әр сөйлем сайын, айналасын көзімен барлап өтіп, сөзін жалғастырған. Екі-үш минуттай сөйледі. Спикерден, ұсынысын бірден дауысқа қойуды сұрады. Зал жым-жырт. Депутаттар дауласа қоймады. Осындай үнсіздікте, «қажеттi тiлдiк ортаны жасау және мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншiк нысанына қарамастан, телерадио арналары арқылы берiлетiн мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың көлемi, уақыт жағынан басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс» деген түйін сөзі қабылданды. Қалыс қалғандар, қарсы дауыстар болды. Заңның қабылдануына жетерлік басымдылықпен телевизиядағы қазақ тілі, жалпы эфирдің 50% мөлшерінен кем болмауы керек деген талабы қабылданды. Жолдасбеков орнынан тұрып әріптестеріне ризашылық білдіріп, басын иген. Сосын қайта отырмастан сыртқа беттеді.

Мен де ілесттім. Алматыдағы Парламент үйінің мәжіліс залынан шыққандағы кең баспалдағымен төмен қарай, далаға бет алғанда:

- Көрдің бе, Махат! Сен мүмкін емес дейсің. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Біз мықты қазақпыз, - деп арқамнан қаққан.


Алдында осы бапқа байланысты тартыс, айтыс толассыз тасқындаған еді. Заң қабылданған соң, ешкім бұл тақырыпты қозғамады. Артық әңгіме айтылмады. Кеше ғана 20%-ға келіспей отырған телеканал басшылары да ауыз ашпаған еді. Оған, не себеп?
Басты мәселе, Жолдасбековтың жасампаз жарқын ғұмыры. Сол орыстілді телеканалдардың қожайындары мен мір оғындай өткір журналистері Өмірбек Арыстанұлының студенттері еді. Шәкірттері - ұлы ұстазының ұлттың мақсат-мүддесін жариялаған талабына «жоқ» деп айта алмады. Қарсы келмеді. Тоқтады. Ежелден ел аузындағы сөз ақиқат дерек. «Ректорлардың Ректоры» деп, халық ол кісіні тегін айтпаса керек.
Расында да, Өмірбек Жолдасбеков арыстан бейнесіндегі ғұлама тұлға еді...

Автор Махат Садық



Соңғы жаңалықтар