Мемлекеттік тілді үйретуде қазақ классиктерінің туындыларын пайдаланамын - О.Мырзагелдинова

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жастарды қазақ тіліне халқымыздың классик жазушыларының туындылары арқылы баулу керек, дейді Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау жөніндегі орталық төрағасының орынбасары, педагог Ольга Мырзагелдинова.

Бүгінгі таңда еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық келісім әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың басты кепілі болып табылады. Осы ретте, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы айрықша маңызға ие екені даусыз. Осыған орай елімізде азаматтық және рухани-мәдени қауымдастықта мемлекеттік тіл мен қазақ халқының бай мәдениеті арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытына ерекше мән берілген. Сол себепті әрқайсымыз демография және көші-қон саясатын жетілдіру мен жүзеге асыруға, ана тілімізді, мәдениетіміз бен ұлттық салт-дәстүрлерімізді дамытуға өз үлесімізді қосуға ниеттіміз. Мемлекеттік тілімізді насихаттау және қолдану аясын кеңейту бағытында еңбек сіңіріп келе жатқан өзге ұлт өкілдері де қазақ тілінің болашағы, оның Қазақстан халқының бірлігі мен татулық тіліне айналуы керек деп отырғаны құптарлық. Соның бірі оқушыларын білім нәрімен сусындатып жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау жөніндегі орталық төрағасының орынбасары Ольга Мырзагелдинова.

Көрген түйгені мол тәжірибелі педагог маман жастарды қазақ тіліне халқымыздың классик жазушыларының туындылары арқылы баулу керек деген ой түйіндеп отыр. Өйткені, оның айтуынша, жас қазақстандықтардың бойындағы патриоттық тәрбие мемлекеттік тілден басталады. Ал, тілді үйретуде қызығушылық керек. Ал, оны халқымыздың аса бір шеберлікпен жазылған классиктерінің шығармалары арқылы оятуға болатын көрінеді.

«Өзім жұмыс істейтін білім ордасы бірте-бірте қазақ мектебіне айналуда. Түрлі ұлт өкілдері оқитын осынау білім ордасында мемлекеттік тілге деген құрмет жоғары. Оған өзімнің оқу бітіріп кеткен шәкірттерімнің алды өзім сияқты қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдауы айқын дәлел. Өз басым сыныпта оқушыларға қазақтың белгілі ақын-жазушыларының туындыларын оқытуға тырысамын. Өйткені, олардың қазақ тілінде жазған шығармалары өте бай, тартымды әрі әсем болып келеді. Оқушыларға үйретуге де өте жеңіл», - дейді О.Мырзагелдинова.

Соңғы жаңалықтар