Мемлекеттік тілді меңгерсек, бірлігіміз арта түседі - Элгун Джаналиев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік тілді меңгерсек, бірлігіміз арта түседі. Бұл туралы «Бірлік» әзербайжан этномәдени бірлестігі жастар қанатының төрағасы, БҚО ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі Элгун Джаналиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бұдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын Елбасы құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі бірегей институтқа айналды.

Мұндай ұйым басқа еш мемлекетте жоқ. Оның қалай құрылғанын, нендей қызметпен айналысып жатқанын, қоғамдағы орнын зерттеу үшін шет елдерден де адамдар келіп, қызығушылық танытып жүргені мәлім.

«Елбасының салиқалы саясаты арқасында барлық өңірде Достық үйлері салынды. Онда әр этномәдени бірлестігінің өз тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, дамытуына толық жағдай жасалған. Кабинеттерде ақсақалдар кеңесіп, жастар жинала алады. Біздің мақсатымыз да - бірлігімізді нығайта отырып, оны келесі ұрпаққа аманат ету», дейді Элгун Ахмад оғлы.
null

-Элгун, өңірімізде әзербайжан ұлтының қанша өкілі тұрады, «Бірлік» этномәдени бірлестігінің жұмысы жөнінде айта кетсең?

-Облыста 1800 әзербайжан тұрады. «Бірлік» әзербайжан этномәдени бірлестігі (төрағамыз Наджаф Мамедов) басымызды қосып, бірлігімізді нықтай түсу мақсатында 1997 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бұл ұйымға 800-ден астам адам мүше, соның ішінде 200-і шараларға белсене араласады. Бірлестігіміз қайырымдылық, түрлі мәдени-спорттық шараларды ұйымдастырумен айналысады. Қаладағы көмекті қажет ететін мұқтаж жандар тұратын әлеуметтік мекемелерге жиі барып тұрамыз.
null

-Қазақ, әзербайжан тілдері бір-біріне жақын, түркі тілдес топқа жататыны аян. Тіл меңгеру қиынға соқпайтын шығар?

-Біздің ұйымдағы ақсақалдар мен жастардың 80 пайыздан астамы қазақ тілін біледі. Өз тілімізді де ұмытқан жоқпыз. Тереңірек білу үшін сабақтар өткіземіз. Сонымен қатар Елбасымыз айтқанындай, үш тілді меңгерудің артықтығы жоқ. Осы бағытта қазірдің өзінде ағылшын тілін жақсы білетін жастарымыз бар. Жастар қанатынан Рашад Мамедов, Фарида Мирзоева, Малика Мамедова қазақ тілінен олимпиадаларға қатысып, жүлде алып жүр. Рашад пен Фарида облыста озып шықса, Малика республикалық байқауда екінші орынға ие болды. Жалпыұлттық диктант жазуға да қатыстық. Әрине, қазақ және әзербайжан тілдерінің өзгешеліктері, күрделі тұстары да бар. Оны терең меңгеру үшін уақыт керек. Ең бастысы, біздің ниетіміз ақ, бағытымыз дұрыс.

Соңғы жаңалықтар