Мемлекеттік тіл мәселесі биліктің әрекетінен емес, қоғамның талап етуіне қарай шешімін табады - Б. Әбдіғалиев

None
None
АНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елбасының бастамасымен құрылған Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры ресми түрде былтырғы желтоқсан айында ғана қызметке кірісті. Осы аз ғана уақыт ішінде Қордың негізгі бағдары мен ағымдағы жылы атқарар жоспарлары туралы көпшілік те құлақтанып отыр.

Сонымен бірге, биыл қоғам тарапынан ұсынылатын бірқатар ұлттық жобалар Қордың қолдауымен жүзеге асатын болады. Осы және тілге қатысты басқа да мәселелер жөнінде ҚазАқпарат тілшісі Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Берік Әбдіғалиевпен сұхбаттасқан еді.

 - Берік Бақытұлы! Әңгіме басында алдымен өзіңіз жетекшілік ететін Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры туралы айтып берсеңіз? Өз мақсатына жетуі үшін Қордың алдағы атқарар істері, жоспарлары туралы бөліссеңіз?

- Ең алдымен қоғамның назарын бір нәрсеге аударғым келеді. Бұл - «Қазақ тілінің мәртебесімен, тілді дамытумен кім айналысуы тиіс?» деген сауал. Бұндай ұлттық мәнісі жоғары дүниені тек қана биліктің мойнына артып, билік айналысуы тиіс десек, онда қателесеміз. Яғни, министрліктер мен тіл саласында әрекет ететін мемлекеттік органдардан бөлек, бұндай өзекті дүниеге қоғамның өзі де алдымен белсенді түрде атсалысуы шарт. Онсыз ештеңе өнбейді. Сондықтан да, бүгінгі күні мемлекеттік тіл мәселесінде халық арасынан, қоғамнан күтілетін жобаларға, тың бастамаларға жол ашу керек секілді. Сол үшін де қазақ тілін тек қана биліктен талап етуге болмайды. Жұртшылықтың тілге деген жанашырлығы, ынталылығы, талаптылығы, құлшынысы болса екен дейміз. Қорды құрғанда да осындай қарапайым дүниелерді басты мақсат етіп алдық. Ал тәжірибелік тұрғысынан алып қарайтын болсақ, басқа да өркениетті елдерде, дамыған ұлттарда қоғам арасындағы тіл мәселесін қолдау, сондай-ақ тілдік орта үшін күрес өте сауатты әрі өте қарқынды жүріп отыр. Қазақстанда да сондай рухани дүниелерге, ұлттық рухқа қатысты жобалар жанданатын болса, одан ұтарымыз да, жетістігіміз де айтарлықтай болатын еді. Қорды - ең алдымен осындай ынталылықтан туған идея деп айтуға негіз бар. Сондықтан да, біздің мемлекеттік емес ұйым болып, ресми органдардың жұмысын қайталамайтын ерекшеліктеріміз де осы болмақ. Сонымен бірге, Президенттік қор тілді қолдаумен ғана емес, дамыту шараларымен де айналысады. Дамыту болғанда да, сол бағыттағы институттардың, органдардың жұмысын қайталамайтындай болып, халық арасынан шыққан, қоғамнан туындаған идеялар мен ұсыныстарды қолдасақ деген ниет. Шындығында тіл мәселесіндегі көптеген шаралардың кенже қалып отырғанын халық та біледі. Осы тұрғыдан келгенде, қоғам тарапынан айтылатын әңгімеге құлақты ашық түрсек деп отырмыз. Қазіргі күні билік үшін белгіленген мемлекеттік тіл саясаты бар - бұл айқын. Ал Қордың атқаратын ең басты бағыты - қоғамдық тіл саясаты болып қалмақ. Сондықтан да, биылғы жылы бірқатар жобаларды, оның ішінде мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты байқаулар өткізуді қолға аламыз. Атап айтқанда, Президенттік қор қазақ тілінің деңгейін көтеру, мәдени-руханиятына дем беру мақсатында қазақ тілінің дамуына, патриоттық сезімді нығайтуға, Қазақстанның мызғымастығына үлес қосатын жобаларға арнайы грант тағайындайды. Сонымен бірге, тілді үйренудің тиімді әдістеріне, орыс тілділер арасында қазақ тілін насихаттауға қатысты байқаулар да болады. Жалпы, жыл басында жарияланған байқауға бүгінге дейін біршама өтініштер мен тапсырыстар жасалды. Дегенмен де, Қор жұмысы тиіс деңгейде жарияланбай жатқан шығар, қоғам тарапынан белсенділік соншалықты мәз емес.

- Жарияланып отырған бұндай байқаулардың жалпы қаржылық қоры қаншалықты?

- Гранттар есебіндегі бір жылдық қор 40 млн. теңгеден астам болады деп шамалап отырмыз. Бұдан басқа шағын байқаулар да қарастырылады. Соларды қоса алғанда байқау қоры жылына 50 млн. теңгенің айналасында болатын шығар. Әрине, ұлттық маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін бұл қаражат тіпті де жеткіліксіз. Дегенмен, кішігірім дүниеден болса да қолға ала беру қажет деп шештік.

- Ресейде әлемдегі орыс тілі кеңістігі үшін күресетін «Орыс әлемі» («Руский мир») атты қор жұмыс істейді. Орыстың бұл қорының бағыты да айқын - әлемдегі орыс тілді ортаны қалыпты ұстап, сол арқылы идеологиясын да, саясатын да, тіпті экономикасын да жүргізе түсу. Шындығына келгенде бұндай саясаттың көзге көрінбес ықпалы БАҚ арқылы қазақ қоғамына да тиіп жатыр. Қазақстанда тілдік ортаны сақтау үшін күрестегі БАҚ-тың рөлі қандай болмақ? Оның үстіне өткен жолы Сіз, тіл мәселесіне қатысты орыс тілді баспасөзде мәселе көтеру қажеттігіне тоқталған едіңіз. Осы жайтты тереңірек сөз етсеңіз?

- Әрине, қоғамды түзейтін де, қоғамды бұзатын да БАҚ десек соншалықты қателеспеспіз. Сондықтан да бүгінгі күні ұлттық баспасөздің сапасына қатты көңіл бөлу қажет. Өйткені қазіргі ұлттық баспасөзде қазақтың мемлекет құрушы ұлт екенін көрсетпей, керісінше біздің ұлттық деңгейімізге сай болмайтын тақырыптар өршіп бара жатқан сыңайлы. Бұндай жайттың әсіресе зиялы қауым өкілдері тарапынан қозғалатыны өкінішті-ақ. Мәселен, бүгінгі оқырман «Шыңғыс хан қазақ па, қазақ емес пе?», «Абылай хан мықты ма, әлде Әбілқайыр хан ба?» немесе «Қазақстандық ұлт дұрыс па, қазақ ұлты дұрыс па?» деген секілді айтыс-тартыстардың, бекершілік әңгімесінің куәсі болып отыр. Мүмкін бұндай болымсыз дүниелер белгілі бір деңгейде, белгілі бір топқа қажет болып отырған шығар. Бірақ ұлттың сапасын арттыруға, ұлттың дамуына, қазіргі геосаяси жағдайға, өткен маңызды тарихқа қатысты толып жатқан тақырыптарды қозғаусыз күйде жауып қойып, арзан айқайға ұрындыратын айтысты ұзақ жылдар бойы қоздырудың не қажеті бар? Бұл біріншіден. Екінші бір мәселе, Қазақстанда орыс тілінде таралатын газет-жұрналдар көп-ақ. Сонда олардың негізгі тұтынушысы да, оқырманы да Қазақстанда көп деген сөз. Ал сол баспасөздің қаншасы қазақтың мұңын айтып, жырын жырлап жүр?! Ендеше, бұлай кете беруге болмайды. Сондықтан да, қазақтың ұлттық құндылықтары туралы пікірталастар, ұлттың дамуына қатысты нәрселер орыс тілді баспасөзде көбірек қамтылып тұрғаны дұрыс. Бұл біздің ақпараттық қорғанысымызды күшейте түсер еді. Мәселен, баспасөзда бір проблемаға қатысты түрлі көзқарастар бойынша айтыстар жүріп жатыр делік. Бұны орыс тілді газет жариялайды, көпшілік жұрт соны оқиды. Ертесінде дәл сол орыс тілді газет көтерген мәселеге қарсы қазақ тілді газет те жазып бағады. Қазақша көркемділігі ғана емес, уәжділігі де орыс тіліндегі мақаланың аузын ұрады. Бірақ, оны кім оқиды, сіз бен біз ғана. «Иә, иә» деп бір-бірімізге бас шұлғып, біз мықтымыз десек, оны кім мойындайды, сыртымыздан күлмей ме?! Яғни, қазақ тілді аудиторияның орыс тілді баспасөзде сөзін сөйлейтін, сондай айтыстарда қазақ тілділердің «құрышын қандыратын» жазғыш азаматтар жетіспейді бізге. Қазақстандағы орыс тілді баспасөзде ұлттық мүдде үшін - тіл, дін, діл үшін айтыса алатын сөз ұстаушылар аз. Болса да, орыс тілді баспасөзде жазылатын ұлттық мүдде тұрғысындағы мақалалар көңілге қонымды шықпайды, адамды, оқырманды нандырып, баурап әкете алмайды. Дегенмен, мүлдем жоққа шығаруға болмас. Бірқатар дәл осы тақырыпта орыс тілінде мәселе көтеріп, жазып жүрген азаматтарға кейде риза боласың. Бұл да бір ақпараттық-баспасөздік күрестегі жаңа үрдіс. Сондықтан да, екі тілді жақсы меңгерген жаңа буынға, орыс тілді аудиторияда қазақтың ұлттық мүддесін қорғай алатындарға көбірек арқа сүйеу қажет, оларды шама келгенше қолдау керек. Енді Президенттік қордың бұл тұрғыдағы ұстанымына келейін. Жаңағы орыс тілді баспасөзде ұлттық мәселені көтеріп жүргендер негізінен саясатқа жақын тұрады. Ал Президенттік қор еліміздегі орыс тілділер үшін ұлттық намысты оятуды, өз ұлттығымызды дамытуды тереңнен қозғайтын болады. Мәселен, бүгінгі күні жарыққа шығып жатқан қазақтың тарихын алып қарайық. Көп дүниелер қазақ тілінде шығып жатыр. Ал біздің қазақ тілінен мақрұм қалған отандастарымыз оны қалай оқиды. Оларды одан сайын мәңгүрттікке итермелегенше, өзімізге қарай тартуымыз керек. Тіл білмегені үшін өкінетіндер, бірақ қазақ үшін жанын беретіндерді шыңдай түсу қажет, ондай азаматтар шүкір, баршылық. Сондай-ақ «қазақ тілін насихаттау керек» деп бұрыннан айтылып келеді, бірақ сол насихатыңыз кім үшін керек. Шындығын айтқанда біз тәуелсіздіктен бері насихаттап келеміз, бірдеңе өнді ме? Ал негізінде ондай насихат қазақ үшін емес, Қазақстанда тұратын, мемлекеттік тілді білмейтіндер үшін болуы тиіс. Мәселен, мемлекеттік тілге иландыру үшін орысқа қазақ тіліндегі насихатыңның түкке керегі жоқ. Оны мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы алдымен орыс тілінде иландырған дұрыс. Үшіншіден, Қазақстанда мемлекеттік тіл мәселесі көбінесе қазақ тілді БАҚ-та ғана кеңінен талқыланатыны белгілі. Яғни, бүгінгі қазақ тілінің - мемлекеттік тілдің мәселесі қазақ тілділер ортасындағы пікірталастан ары аспайды. Оның пайдасының қаншалықты екендігін кім білсін, бірақ тілдің пайдалану ортасын кеңейтудегі нәтижесі жұрдай. Әрине, түрлі әдістемелер, тілдік бағыттар туралы айтысып, салғыласып отыру қажет. Бірақ, тілдік проблеманың ең өзегі қайда, соны білген ләзім. Сонымен бірге, бұл бағытта бірнеше мәселе көлденеңдейді. Біріншіден, «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деп, Елбасының айтқан сөзі бар емес пе?! Осы қанатты сөзді орыс тілді оқырманға терең жеткізу қажет. Қазақстан қоғамы түбінде бәрі қазақша сөйлейтін болады, оған ешкімнің де күдігі болмасын. Күдік болса, ондай күдікті сейілту керек. Бүгінгі жұртшылық сондай талапты ерте бастан түсінуге тиісті. Заманның, мемлекеттің талабы осы болғандықтан бұның ешқандай қорқынышы да үрейі де жоқ. Ал азаматтар соны сезіне бастаған сайын, Қазақстанда қалғысы келетін, осы қоғамға сіңгісі келетіндер бұған мойынсына берері хақ.

- Өткен жолы депутат Зейнолла Алшымбаев қазақ тілді баспасөз ауқымы жайында сөз қозғап еді. Депутаттың мәліметтері бойынша, Қазақстандағы орыс тілді баспасөз мемлекеттік тапсырыстың 75 пайызына ие көрінеді. Қалған мемлекеттік тапсырыстың 25 пайызы ғана қазақ тілді баспасөздің үлесіне тиеді екен. Бұл қалай?

 
- Ақиқатты нәрсенің бірі - Қазақстандағы орыс тілді газеттердің таралымы ауқымды. Сондықтан да тапсырыс берілгенде негізінен мемлекеттің жұмысына байланысты шараларға көңіл бөлінуі тиіс. Дегенмен де, мемлекеттік тапсырыс берілген соң қаражат бөлініп қана қоймай, талап ету шарасы да қатал болса деген ниет бар. Менің ойымша, орыс тілді газеттерге берілетін мемлекеттік тапсырыс ұлтаралық қатынасты дәріптеуге, бейбітшілік пен татулыққа, мәдениетке қатысты болса керек. Бұл да біздің ұлттық саясатымыздың көрінісі ғой.

- Дегенмен де, осы 75 пен 25 пайызды алып қарайықшы. Сонда Қазақстанның мемлекеттік саясатын жүргізуде орыс тілді газеттерге басымдық беріліп отыр немесе мемлекеттік саясат орыс тілді баспасөз арқылы жүреді деген сөз емес пе? Оның үстіне, менің ойымша, біздің орыс тілді газеттеріміздің көпшілігі жоғарыда атап өткен «Орыс әлемі» саясатының төңірегінде қызмет етеді. Айтты, айтпады орыс тілді баспасөз орыс тілінің аясын кеңейтеді, бұл солай ғой.

- Шындығында, бұл соған келіп тұрған сыңайлы. Сондықтан қоғам тарапынан көтеріп, халық болып талқылайтын мәселенің бірі осы екен. Жалпы, тіл мәселесінде халық атынан талпыныс өте қажет. Есте болса, 1991 жылдары Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде, өз ана тіліне шорқақ болса да қазақ азаматтары «Егемен Қазақстан» газетіне, «Жас Алашқа» жазылуды, түсінбесе де оны қолына алып, қарап шығуды парыз секілді есептейтін. Өйткені сол жылдар бүкіл қоғамның бойында ұлттық намыс пен патриоттық сезім бұрқылдап тұрып қайнап жатқан кезең еді. Сол бұлқынысты дұрыс арнаға бұра алмай, өшіріп бара жатқан секілдіміз. Қазақ есімді азаматтардың барлығы сол кездері бір-бірін үгіттеп жүріп, қазақ тілді баспасөзге жазылғаны да есімде. Ал мемлекеттік тапсырыстың бұндай басқа тілдегі баспасөзге басымдығы туралы білмейді екенмін. Егер жағдай солай болса, оны шапшаң түрде түзету қажет шығар.

 - Тарихқа келетін болсақ, кезінде тілдік ортаны кеңейту шарасы әсіресе әскери адамдардың көмегімен жақсылап жүзеге асып отырған. Еуропада, Азия мен Африка мемлекеттерінің барлығында әскерилер келгеннен соң, ең бірінші қарқын алған, жаңа ортада басқа тілдерді бірте-бірте ығыстырған тек отарлаушының тілі ғана болатын. Ал кейінгі күндері тіл мәселесінде саясаткерлер басты рөл ойнайды. Қазақстанның ішкі дүниесінде де солай. Біздегі қазақ тілді саясаткерлердің өзі ресми тілде мәлімдеме жасағанды ұнатады. Әрине, еліктегіш жастарға бұның әсері өте күшті. Осы жағын түсінбей жатқан тәріздіміз. Оның үстіне «бәріне түсінікті болуы үшін» деп орысша сөйлейтін заманнан қашан арылады екенбіз?

- Тілдің дамуына саясаткерлердің де ықпалы бары рас. Бірақ тарихты алып қарасақ, билік көбінесе халықпен санасуға мәжбүр болып отырады. Бір жағынан саясаткерлер туралы әңгіменің де жаны бар. Тәуелсіздік жылдары ең алдымен «Алаш арыстары» туралы ұрандар көтерілді. Сол «алаш» ұраны әлі де айтылып келеді. Оның себебі бүгінгі қазақтың арасында үлгі алатын азаматтары аздау болып отыр. Сондықтан да біз «Алашты» ұрандаймыз, Алаш кезеңіндегідей ұлтын сүйген азаматтарды аңсаймыз. Сол азаматтарды үлгі тұтуымыз бүгінгі биліктегілерге сабақ болсын дегеніміз. Ал жалпы билікке ықпал ету үшін не істеу қажет? Кез-келген ұлттық мәселеде халық тек билікке қарап отыра бермеуі тиіс. Соның ішінде тіл проблемасына қатысты билікке өкпе арта берудің қажеті шамалы. Ол үшін жұртшылық тілдің өзін ұлттық дамудың басты құндылығы ретінде сезіп, соны тиісті деңгейде көтерсе билік те халықтың айтқанымен жүреді, айдағанына көнетін еді. Сондықтан, елдің арасында, әрбір азаматтың тілге қатысты ұстанымы, намысы болса ұтамыз. Сонымен бірге, мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне бүгінгі билік соншалықты үлгі болмауы тиіс. Халықтың ықпалы күшті болса, билік те ешқайда кетпейді. Оның үстіне кез-келген билік мәңгілік емес, ауысып тұрады. Ал қоғам біреу ғана. Жалпы биліктің қолында көптеген мүмкіншілік пен салмақ бар. Сондықтан да қоғамның биліктен талап етуі, мәселе қоюы, ықпал жасауы міндет. Ұлт құрушы жаңа менеджменттің қажеттілігін билікке сездіру шарт. Ал бүгінгі билік қоғамның бәріне бірдей қарап, ешкімді бөліп жармаймыз, ренжітпейміз деген қағидатты ұстанып отыр. Бұл бір қырынан дұрыс та. Өйткені қазірге дейін тұрақтылықтың негізі осы дүние болып келді. Ал ендігі күні бұлай жалғаса берсе, тұрақсыздықтың бір ұшы қазақтардың наразылығында болуы мүмкін. Олай болатын себебі, бүгінгі күні қазақы қоғам жаңа деңгейге жетті, талабы да соншалықты көтеріліп келеді. Ал бұнымен мемлекеттік билік те санасады деп ойлаймын.

- Президенттік қор тілді дамытудан басқа қандай шаралармен айналысады?

- Қазақстанда қазіргі күні «Мәдени мұра» деген ұлттық жоба жұмыс істеп жатыр. Бұл бір сөзбен айтқанда «Қазақтың мұрасы» деген бағдарлама. Осы арқылы бұрынғы мәдениетімізді қайта түлетіп, ата-баба есімін әлемге паш етуді жалғастырып келеміз. Яғни, мәдени мұрада басқа ұлттың емес, қазақтың және қазақ жерінде болғанның мұрасы зерттеледі. Сол секілді Президенттік қор да қазақтың асыл мұраларын жаңғыртуды мақсат ретінде алдыға қойып отыр. Тек барлығы қаржыға келіп тіреледі. Ал бұл бағытта әлі де іске аспай жатқан шаралар жеткілікті. Мәселен, Қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған, мемлекетті құрушы хандарымызды қаншалықты дәріптеп жатырмыз. Шындығында, қазақтың мемлекеттілігін ғана емес, ұлттығымызды сақтап қалған бабаларымызды толық ұлықтаған да жоқпыз, қарапайым халыққа соны білгізгеміз де жоқпыз. Шындығында, бүгінгі қоғам арасынан сұрау салсаңыз, Абылайдан, Әбілқайырдан басқа хандарды біле бермейді. Қазақ мемлекетінің негізін қалаған тұңғыш ханымыз Керей ханды көпшілік білмейді. Одан кейінгі ханымыз Жәнібекті ше? Ұлтты ұйытқан, түрлі отарлаушылармен күресте тәуелсіздікті шайқалтпаған Қасым хан, Хақназар, Тәуке, Тәуекел, Салқам Жәңгір - бұлардың барлығы мемлекеттің шаңырағын көтергендер. Бұны қалың бұқара толық білуі тиіс. Орыстар «Имя России» деген жобамен бір жыл бойы айналысты. Бүкіл қоғам арасынан Ресейдің ең үлкен тұлғалары туралы пікірталастар, зерттеулер мен сұрау салулар, шоулар өрбіді. Ресей тарихындағы әрбір тұлғаның мемлекетті құрудағы рөлі жан-жақты талқыланды. Айтулы ғалымдардан, шежірешілерден бастап, мектеп оқушылары, қарапайым тұрғындар да бұл ұлттық жобаға тартылды. Ең соңында бірнеше жүздеген ресейлік тарихтың атақтылары ішінен ең тұлғалы деген 12 есім белгілі болды. Солардың ішінен ақыры аяғында Александр Невский Ресейдің 1-ші нөмірлі ұлы тұлғасы болып шықты. Ең қызығы, Сталин бұл жобада үшінші орында тұрды. Ал енді сондай жобаны Қазақстанда жүргізсек ше? Халық кімді ұсынатын еді? Ұлы тұлғалар ретінде қарапайым жұртшылық тарапынан Абай, Абылай, Кенесары, Қонаевтың, тағы бірнеше тұлғаның аты аталатын еді. Ары қарай ше? Ал шындығында, алғашқы Қазақ мемлекетін құрудағы ұлы тұлғаларымыздан жұртшылық кімді біледі? Қазақ мемлекетін құрған хандарымызды қарапайым халықтың ең құрығанда жарты бөлігі біле ме? Мәселен, Керей десеңіз, Жәнібек десеңіз, оны оқығандары болмаса, қарапайым халық бір рудың ханы деп шатастыруы мүмкін. Мектепте оқыған шығар, ары қарай ше? Мінеки, біздің ұлттық мүддедегі осал тұсымыз да осы. Сондықтан да, Президенттік қор алдағы уақытта ұлтқа пайдасы тиер-ау деген кез-келген жобаны қаржыландыруды қолға алады. Әрине, ондай жобаларды сараптау үшін де еліміздің беделді азаматтарынан тұратын арнайы комиссия құрылып отыр. Қоғам белсенділік танытып, Қорға өзінің жобасын ұсынатын болса, ал комиссия ұлтқа мынадай жобаны жүзеге асыру қажет деп тапса, шын мәнінде мақсатымыздың жүзеге асқандығы. Сондықтан тілге ғана емес, ұлттық дамуға, тарихқа қатысты дүниелер болса, қолдауға дайынбыз.

- Сондай жобалар ішінде балалар әдебиетіне, ана тіліміздегі мультфильмдерге де қолдау қажет секілді.

- Рас. Бір мысал ойға келіп отыр. Биыл еліміздегі барлық мемлекеттік органдар іс қағаздарын қазақ тіліне көшіруді аяқтайды. Сөйтіп, арқадан бір жүк түскендей қуанатын шығармыз. Бірақ бұл бағыттағы үрдістің барлығы формальды, қағаз жүзіндегі мәселелер болып жатқаны ешқандай дәлелді қажет етпейтін шығар. Халық та бұны көріп отыр ғой. Бұрынғыдан айырмашылығы - қазір іс қағаздары мүмкіндігінше екі тілде жүріп отырады әрі аудармашы штаты ашылатын болды. Осыны да жетістік деп атаймыз ба?! Менің айтпағым, кезінде біз осы іс-қағаздарын мемлекеттік тілге ауыстыруға көңіл бөлгенде, алдымызға бір жалған мақсат қойып алған секілдіміз. Өйткені биыл аяқталатын бұл шараның нәтижесі де сондай алдамшы болып отыр. Сондықтан да, сіз айтып отырғандай мәселені бастағанда, ең алдымен балалар әдебиетінен бастауымыз керек пе еді?! Миллиардтаған қаражатты балабақшаға, мектептерге құйғанда мүмкін жағдай басқаша болар ма еді. Тәуелсіздіктен бері мемлекеттік тіл мәселесіндегі шараларымызды сол балаларға бұрғанда, бүгінгі азаматтар, жас мемлекеттік қызметкерлер, ұлттық кадрларымыздың барлығы тілдік проблеманы өздері-ақ оңай шешуге септік болар еді. Олай болмағандықтан, бәрін басынан бастауға тура келеді. Оның үстіне тілдерді дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданса, осы мәселеге назар аударылады деп сенемін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар