Мемлекеттік телеарнаны 24 сағаттық хабар тарататын деңгейге шығаратын уақыт жетті - Қ. Сұлтанов

None
None
АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік телеарнаны 24 сағаттық хабар тарататын деңгейге шығаратын уақыт жетті.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Қуаныш Сұлтанов осындай мәселе көтерді.

«Біздің мемлекеттік телеарналар көрші елдердегі арналармен бәсекелесе алмай жатыр. Тіпті олар 24 сағат бойы Қазақстанға ақпараттарын құйып тұрғанда, біздің мемлекеттік арналар түн ортасынан таңғы алтыға дейін үзілісте жатады. Осы бостықты толықтыру қажет. Хабарды 24 сағатқа көшіретін мезгіл жетті. Телеарна сапалы түрде қызмет көрсету үшін спутник арқылы ақпарат таратуға мүмкіндік беретін ең жаңа техникамен жабдықталуы тиіс», - деді сенатор Қуаныш Сұлтанов.

Ал бюджет жобасына байланысты баяндаған Қаржы министрі Болат Жәмішев алдағы жылы байланыс саласында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге жалпы сомасы 74 млрд. теңге көзделгенін атап өткен болатын. Ал телехабарларды сандық режіммен таратуға 2012-2014 жылдарға 57 млрд. теңге қарастырылған. «Заң жобасын Сенатта талқылау барысында жаңалықтар тарататын 24 телеарнаға жабдықтар сатып алу үшін қосымша 1 млрд. 400 млн. теңге берілді», - деді Болат Жәмішев.

Соңғы жаңалықтар