Мемлекеттік тапсырыстың үштен бірін алматылық кәсіпорындар өтеп отыр - Ө.Шөкеев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Мемлекеттік тапсырыс-2013» акциясы өтті. Шара барысында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қала әкімдігі мен ұлттық холдинг қазақстандық қамтудың үлесін арттыру мен өзара тиімді ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге келді.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы Өмірзақ Шөкеев өз сөзінде алматылық тауар өндірушілердің өнімдері ұлттық компанияның тапсырыстарының үштен бірін өтеп отырғанын жеткізді.

«Бұл жиын жылда дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Біздің тапсырыстар мен мемлекеттік тауарлар мен қызметтерді сатып алудың үштен бірі Алматы жеткізушілеріне тиесілі. Бүгін осы салада ендіріп жатқан жаңалықтарымызды түсіндіріп, сіздердің пікірлеріңізді естуге келдік. Болып жатқан кемшіліктер болса, өзгертуге мүмкіншілік береді», - деді Ө.Шөкеев.

Оның айтуынша, 2014 жылдың 10 айында қор тобындағы мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлемі 3,6 трлн. теңгені құрады. Оның ішінде қазақстандық қамту 71 пайызды құраған. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы бұл көрсеткіш 63 пайыз болатын.

«2014 жылдың басында біз сомасы 1 трлн. 300 млрд. теңге болатын тауар сатып алдық. Олардың ішінде қазақстандық тауарлар 800 млрд. теңге болды. Алматы кәсіпорындарынан 174 млрд. теңгенің тауарлары сатылып алынды. Мемлекет басшысының жақында айтқан жаңа экономикалық саясаты аясында біз теміржол тарамдарын, көліктік-логистикалық орталықтарды, Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік энергетикалық нысандарды дамытамыз. Ол Алматыны 100 пайыз электр энергиясымен қамтуға көмектеседі», - деді Ө.Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар