Мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға талап күшейеді - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік тапсырысты бұрынғыдай білім басқармалары бөлмейді, ата-аналар таңдауы бойынша беріледі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа нормалардың негізгілерін атап көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірінші, тәрбиешілер мен басқа да педагогтердің біліктілігіне және біліміне қатысты талаптар енгізілді. Екінші, жұмыс істейтін тәрбиешілер бойынша үлгілік штат нормативін сақтау талабы енгізілді. Мысалы, бір мұғалім күні бойы 50 баламен жұмыс істей алатын тәжірибеден бас тарту, саны 25 аспауы тиіс», - деп жазады министр.

Сондай-ақ, бейнекамералар орнатылуы міндетті және балабақша ғимараттары мен үй-жайлары санитарлық нормаларға, өрт қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес болуы қажет.

«Сонымен қатар, білім басқармаларына мемлекеттік тапсырыс орналастырылғанға дейін балабақшалардың жұмысымен және онда жасалған жағдайлармен танысу құқығы беріледі. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында мұндай мониторинг балабақшалар қауымдастығы және қоғам өкілдерінің қатысуымен ғана жүргізіледі», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Тағы бір жаңалық – білім басқармалары балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды бөлу мүмкіндігінен айырылады. Енді жалпы талаптарға сай келетін балабақшалардың тізімі әзірленіп, ата-аналар одан мекемені өздері таңдай алады.

«Демек, мемлекеттік тапсырыс ата-аналар таңдаған балабақшаларға жіберіледі. Follow the quality. Болжам бойынша, бұл бәсекелестікті арттырып, балабақшалардың сапасын жақсартады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады», - деп сенімділік білдіреді министр.

Сондай-ақ, ведомство басшысы жұмыс 4 негізгі бағыт бойынша жүретінін жеткізді.

«Лицензиялауды қайтару. Жұмыс жағдайы мен сапасын тексеріп, барлық балабақшаны аттестациядан өткізу. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін, колледждер мен ЖОО-ларда мамандарды даярлау сапасын арттыру. Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту», - деп түйіндейді Асхат Аймағамбетов.

Бұған дейін жекеменшік балабақшалардың 80% мемлекеттік аттестациядан өте алмағаны хабарланған болатын.


Соңғы жаңалықтар