Мемлекеттік сатып алулар энергиятиімділік бойынша тексеріліп отырады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Марат Қарабаев елдегі энергия тиімділікті арттыру бағытында ұсынылып отырған заңнама өзгерістері туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда энергиялық аудит жасаушы ұйымдар тиісті мәртебе алуға талпынып жүр. Сол мақсатпен министрлікке төрт құжаттан тұратын сауал жолданды. Осының негізінде министрлік оларға энергиялық аудит жасаумен айналысуға рұқсат беретін құжатты онлайн тәртіппен табыстай алады. Бір жағынан біз аталған рәсімді либералды жолға салып отырсақ, екінші жағынан тәртіпті қатайтамыз. Өйткені құжат енді тек онлайн форматта қабылданады. Соның аясында тиісті емтихандар, тестілеу, сұхбаттасу шаралары өтеді», - деді вице-министр «Қазақстанда энергия тиімділікті арттыру» жобасын қорытындылаған салтанатты шарада.

Оның сөзіне қарағанда, келешекте мемлекеттік сатып алуларға да энергия тиімділік бойынша нақты талаптар қойылмақшы.

«Мемлекеттік сатып алу аясында алынған тауарлардың бәрі міндетті түрде энергия тиімділік бойынша мониторингіден өтеді. Яғни, бюджет есебінен әлеуметтік нысан салынатын болса, трансформатор немесе қосалқы станса энергия тиі м ділік талабына сай болуы керек. Мемлекеттік сатып алу аясында осы талапқа сай емес қондырғылар орнатуға тыйым салынады», - деді Марат Қарабаев.

Осы шараға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елдос Абақанов елордадағы «Будепешт», «Family Village» сияқты автономды инфрақұрылымға жалғанған нысандардың проблемасын депутаттық сауал ретінде жолдап, министрлік деңгейінде көтеруге дайын екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар