Мемлекеттік сатып алуды бақылаудың арқасында 2,8 млрд теңге үнемделді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекеттік сатып алуды веб-портал арқылы бақылаудың арқасында 2,8 млрд теңге үнемделді. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Атамекен» ҰКП жемқорлыққа қарсы бірлесе күресу жұмысының нәтижесі туралы айта отырып, палата өкілі былтыр мемлекеттік сатып алу бойынша веб-порталдың іске қосылғанын еске салды. Ол Самұрық-Қазына, Бәйтерек пен Қазагроның мемлекеттік алуын біріктіреді. Бұл портал баға динамикасын бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе белгілі бір аймақтағы негізсіз сатып алуды анықтайды.

«Егер тауардың ең төменгі бағасы 100 мың теңге болса, мемлекеттік орган оны 150-200 мың теңгеге сатып алса – жүйе қателікке жол бергенін көрсетіп береді», - деді Ербол Өстеміров агенттіктің Facebook парақшасында берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мұндай жағдайда бірден әрекет етеді.

«Агенттіктің өкілдері бұл жүйеге кіріп, көруге және мәліметті сұратуға құқылы. Егер орынды себеп айтылмаса, ол мемлекеттік сатып алу зерттеледі. Осының арқасында сатып алу жоспары түзетіліп, 2 млрд 800 млн теңге үнемделді», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ербол Өстеміров мемлекеттік сатып алу бағаларын өсіруде алдыңғы орындағы өңірлерді атаған болатын.


Соңғы жаңалықтар