Мемлекеттік сатып алуда бағаны негізсіз көтерген шенеуніктерді жазалау ұсынылды
2022 жылғы 13 мамыр 15:12

Мемлекеттік сатып алуда бағаны негізсіз көтерген шенеуніктерді жазалау ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік сатып алуда негізсіз қымбат бағаларға тексеру жүргізіліп, 5 млрд теңге үнемделді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлықтың тағы бір маңызды факторы – мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезінде бағаның негізсіз қымбат болуы. Бұл ақша алдын ала пара үшін де, жақсы пайда табу үшін де есептеліп жазылады. Агенттік «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп жүйелі негізде қымбат бағаларға мониторинг жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері біздің ұсыныстарымызбен мемлекеттік органдар өз сатып алуларын қайта қарап, бюджеттен 5 млрд теңгеге жуық қаржы үнемдеді», - деді Ұ. Сарқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, 2 жыл ішінде шамамен 74 млрд теңге үнемделген.

«Осындай бағаны көтеру кезінде лауазымды тұлғаларға еш жауапкершілік артылмайтыны анықталды. Біз Қаржы министрлігіне ұқыпсыз шенеуніктерді әкімшілік тәртіпте жазалауды ұсынып, ұсыныстар енгіздік», - деді Ұлан Сарқұлов.

Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықтың тағы бір себебі – кейбір сатып алу рәсімдерінің жабық болуы.

«Тапсырыс беруші «ақпаратты шектеп тарату» белгісімен сатып алуды жабады және іс жүзінде оны сыбайлас жемқорлық аумағына енгізеді. Мұндай сатып алу тек қағаз жүзінде ғана іске асады және қоғамдық бақылаудан тыс қалады. Нәтижесінде бұл сатып алуға үлестес компаниялар қатысады, бағалар негізсіз көтеріледі және қажетсіз жұмыстар мен қызметтер сатып алынады. Мысалы, кейбір аймақтарда қайырымдылыққа бағытталуы керек әлеуметтік маңызды шаралар түрінде концерттер, керемет шоулар және жеке авторлық кештер сатып алынған. Бір ғана өңірде бұл мақсаттарға 1,7 млрд теңге жұмсалған. Қазір мемлекеттік сатып алу жүйесін осы бағытта қайта форматтау қажет болып отыр», - деп түсіндірді агенттік өкілі.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT