Мемлекеттік сатып алу жүйесіне қандай жаңалық енгізілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының сатып алу заңнамасы департаменті Мемлекеттік сатып алу жүйесіне қандай жаңашылдық енгізілгені туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2021 жылғы 15 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі, қорғаныс және ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Ол 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға қабылданған түзетулер бір көзден сатып алуды қысқартуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Бір көзден сатып алуды қысқарту шеңберінде мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасудың 4 негіздері алынып тасталды. Бір көзден сатып алу айрықша жағдайларда, мұндай сатып алуды өзге де бәсекелестік тәсілдермен жүзеге асыру мүмкін болмаған кезде ғана жүзеге асырылатыны туралы норма көзделген. Сондай-ақ, бір көзден сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдағаны үшін тапсырыс берушілердің бірінші басшыларының жауапкершілігі көзделген.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту шеңберінде рейтингтік-баллдық жүйені пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізілді (2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі). Бірінші кезеңде бұл тәсіл құрылыс-монтаждау жұмыстарын және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстарды сатып алу бойынша қолданылатын болады.

Сатып алудың бұл тәсілі конкурстық комиссияның өнім берушіні таңдау процесіне қатысуын толығымен алып тастауды, осылайша кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауды көздейді. Өз кезегінде, кең ауқымды интеграция арқылы конкурс жеңімпазын веб-портал тиісті ақпараттық жүйелердегі ол туралы деректердің негізінде автоматты түрде айқындайтын болады (мемлекеттік кірістер органдарының жүйесі, электрондық депозитарий, заңды және жеке тұлғалардың деректер базасы, борышкерлер тізілімі және т.б.).

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту, сонымен қатар өнім берушіні таңдаудың объективті және ашық өлшемшарттарын пайдалану мақсатында онлайн режимде тауар сатып алуға мүмкіндік беретін Электрондық дүкен түріндегі сатып алудың жаңа тәсілі көзделген.

Сатып алуды жетілдіру шеңберінде негіздемелік келісімдерді (2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі), сондай-ақ өмірлік циклі құнын (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілдері көзделген.

Негіздемелік келісімдерді пайдалананатын конкурс әлеуметтік сала ұйымдарын сатып алуды өткізуден босата отырып, бірыңғай ұйымдастырушылардың орталықтандырылған сатып алуды кеңінен қолдануы шеңберінде көзделген. Сатып алудың бұл түрі үлгілік техникалық ерекшеліктерді пайдалана отырып, белгілі бір, стандартталған, жиі сатып алынатын тауарлар бойынша ғана қолданылатын болады.

Өмірлік циклінің құнын пайдаланатын конкурс сапалы және инновациялық тауарларды сатып алуға бағытталған. Сатып алудың осы тәсілін жүзеге асыру кезінде өнім берушіні таңдау сатып алу (бастапқы) бағасының негізінде емес, тауардың бүкіл қызмет ету мерзімінің (өмірлік циклінің) құны негізінде жүзеге асырылатын болады.

Көрсетілген жаңашылдықтар Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында егжей-тегжейлі регламенттелген (Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығы).

Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында, Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп сатып алудың бизнес-процестерін қайта қарау, бір көзден сатып алуды қысқарту, нарықты монополияландыруды және шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауды алып тастау, сондай-ақ тапсырыс берушілер тарапынан жоғары талаптарды белгілеу фактілерін болдырмау бойынша мәселелерді пысықтауда.

Қабылданып жатқан шаралар ашықтықты, мемлекеттік сатып алулардың қолжетімділігін, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуды қамтамасыз ету, сондай-ақ бәсекелестікті дамыту бойынша қол жеткізілген нәтижелерді дамытуға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар